Президенттік жастар кадрлық резерві: Сәпиев орта жолда не үшін сүрінгенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Президенттік жастар кадрлық резервінің екінші кезеңінен не үшін өтпей қалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші кезеңнен өткеніммен, екіншісінен өте алмай қалдым. Мұндай емтихандарды тапсырып көрмеп едім. Интернет арқылы тапсырғанда 30 балды әрең жинадым. Екінші турда 30 сұрақ болды. Ол жерде математикалық сұрақтар кездесті. Күрделі екен. Уақыт жетпей қалды. Ақыры, білмеген сұрақтарға жорамалдап жауап бере бердім», - деді Серік Сәпиев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілердің сауалына орай.

Комитет төрағасы Президенттік жастар кадрлық резервіне өтуге жоспары болмағанын айтып өтті.

«Өзімді тексергім келді. Осынау Президенттік жастар кадрлық резервінің арқасында кейін мемлекеттік қызметке, квазисекторға үміткерлер іріктеліп алынатынын түсіндім. Қазір еңбектеніп, жұмыс істеп жүрмін. Сол себепті, одан өтпей қалғаныма аса қынжылмаймын», - деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан екі апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау барысымен танысқан болатын. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Мемлекет басшысына Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтауға байланысты конкурстың өткізілуі жөнінде баяндаған еді.

Соңғы жаңалықтар