Президенттік жастар кадр резервінің жеңімпазы: Конкурс ашық әрі әділ өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы қолға алынды. Жобаға 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірді. Іріктеудің нәтижесінде президенттік жастар кадр резервіне 300 үздік қазақстандық енді.

Олар бүгінде еліміздің әр өңірі мен түрлі салада елге қызмет етуде. Соның бірі, аталған жоба жеңімпазы, Инжиниринг және технология трансферті орталығы АҚ-ның президенті Ілияс Оспанов. ҚазАқпарат тілшісіне аталған азаматпен пікірлесудің сәті түсті.

«Мен елордадағы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ін инженер мамандығы бойынша тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды «Астана Су Арнасы» мекемесінде инженер болып бастадым. Содан соң өз мамандығым бойынша білімімді Лондонда жалғастырдым. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша байқаусыз мемлекеттік қызметке шақырту алдым. Нәтижесінде инновациялық технологиялар саласында 4 жыл еңбек етіп, департамент басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Ол кезде жас болдық, жұмыс өте көп әрі қызық болды. Кейін келе өңірлерде түрлі жоғары қызметте болдым. Одан соң жеке компанияда инновация саласында жұмыс істедім. Осыған дейін Дүниежүзілік банктің жобасында еңбектендім. Ал қазіргі уақытта Инжиниринг және технология трансферті орталығы АҚ-ның президентімін», - деді Ілияс Оспанов.

Оның айтуынша, аталған байқауға әріптестерінің ұсынысы бойынша қатысқан.

«Президенттік жастар кадр резерві туралы жаңалықтардан естігеніммен менде өтінім беру туралы ой болған жоқ. Маған бұл ұсынысты әріптестерім жасады. Оның үстіне мемлекеттік қызметте өңірлерден бастап саты бойынша тәжірибем бар болатын. Президенттік жастар кадр резервінің жеңімпазы атанғаныма әрине қуанышты болдым. Мені тағы бір қуантқаны, конкурс ашық түрде өтті. Басында байқаудан өту үшін тамыр-таныс керек деген пікір ұстанғандар да болды. Ал менің қатысушы ретінде конкурстың ашық әрі әділ өткеніне көзім жетті. Сондай-ақ байқаудың формальды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталғаны айқын көрінді. Осыған байланысты менде бір жағдай болды. Байқау шартына сәйкес үміткерлер эссе жазуы керек. Менің эссем техникалық ақаудың салдарынан жойылып кеткен. Осы орайда қабылдау комиссиясы менің кінәмнің жоғына көздері жеткен соң, маған қайта тапсыру мүмкіндігін берді. Бұл дегеніміз адами фактор, оның үстіне байқаудың белгілі талап-ережелері бар. Қуанышқа орай, эссе жазудан жақсы нәтиже көрсетіп, ең жоғары ұпайға ие болдым», - деді ол.

Сондай-ақ, президенттік жастар кадр резервінің жеңімпазы бүгінгі қызметіне қатысты мәліметтермен бөлісті.

«Қазіргі кәсібім инновациялық технология саласы. Бұл саланың ерекшелігі сол - нақты заң немесе шек деген жоқ. Жалпы Қазақстанда өзіндік өсу, өзін-өзі дамыту жағы ақсап тұр. Яғни қай салада болсын жаңа бір технологияны енгізу, жаңалық алып келу оңай емес. Бізде бәрі дәстүрлі түрде жасалынуы тиіс деген жаңсақ пікір бар. Түсінік басқаша. Осы жағы біздің жұмыстың қиындығы деп айтуға болады. Әрине кәсібіміздің өзіндік ерекшелігі мен қызықты сәттері де бар. Аты айтып тұрғандай, инновация, ол дегеніміз жаңа дүние ойлап табу, бұрын болмаған жаңашылдық енгізу. Яғни біздің идеямыз жүзеге асып, инновация енгізілсе, біз қуанамыз. Одан соң басқа жаңа жобаларды қуана қолға аласың», - деді І. Оспанов.

Одан бөлек, орталық басшысы бірнеше рет мемлекеттік қызметтен түбегейлі кеткісі келіп, қайта келгенін жеткізді.

«Иә, мемлекеттік қызметтен түбегейлі кеткім келгені рас. Дегенмен уақыт өте келе елге қызмет ету саласын таңдадым. Президенттік жастар кадр резерві жобасының арқасында көптеген замандас, достар таптым. Бүгінде біз бір-бірімізбен жақын араласып, жұмыс барысында ақыл-кеңесімізбен бөлісіп отырамыз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар