Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі БҚО әкімінің орынбасары болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және әкімнің өкімімен Айдар Аллабергенұлы Нұралиев Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Айдар Нұралиев 1986 жылы дүниеге келген.

Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Лондонның университет колледжін, Женева бизнес мектебін «халықаралық құқық», «құқықтану», «жобаны және корпоративтік басқару» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Ағылшын тілін еркін меңгерген, іскерлік әкімшілік жүргізу магистрі. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Әр жылдары БҚО аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің бақылау жөніндегі жетекші маманы, ҚР-ның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі халықаралық қатынастар департаменті Рейтингтік агенттіктермен және халықаралық экономикалық ұйымдармен өзара іс-қимыл басқармасының сарапшысы, ҚР Президент Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының сарапшысы, БҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі халықаралық қаржылық қатынастар департаментінің директорының орынбасары, Атырау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2020 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігі стратегиялық және ақпараттық даму департаментінің директоры болды.

А.Нұралиев қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

Бибігүл Қонысбаева басқа жұмысқа ауысуына байланысты Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жер қатынастары басқармасына жаңа басшы келгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар