Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері ірі бизнес өкілдерімен кездесті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Президенттік жастар кадр резерві мүшелерінің пікірталас клубы аясында отандық ірі бизнестің негізін қалаушылармен және басшыларымен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Резерв мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау үшін мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізіп келеді.

Қызметі елдің экономикалық өсімін арттыруға және елдегі бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған жеке сектор өкілдері де олардың назарында.

Бұл жолғы ашық диалогқа спикер ретінде «Bazis-A1 корпорациясы директорлар кеңесінің негізін қалаушы және төрағасы А.Белович, KustoGroup компаниясы директорлар кеңесінің еншілес иесі және төрағасы Е.Тәтішев, Freedom Holding Corp компаниясының бас атқарушы директоры, директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов шақырылды.

«Мұндай кездесулер бізде жиі өтіп тұрады. Бірақ негізінен мемлекеттік органдардың бірінші басшылары шақырылатын. Бұл жолы форматын сәл өзгертіп, бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуді жөн деп таптық. Өйткені бизнестің ел экономикасындағы рөлі жоғары. Мемлекет басшысы бізді өзгеріс агенттері ретінде мемлекеттік қызмешілердің қатарына қосылуға шақыра отырып, мемлекеттік машинаның тиімділігін арттыруға көмектсу керектігін айтқан болатын. Бұл жолда бизнестің үніне де құлақ асу керек. Өйткені елдегі бизнес процестерді өзгерту үшін олардың пайымын ескермей болмайды. Бұған дейін де айтқанымдай, көбіміз мемлекеттік қызметте жүрміз. Бірақ тұтас жағдайды түсіну үшін ести білу керек. Мұны Мемлекет басшысы «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған кезде де айтты. Біз шешімдер қабылдап, бастамалар көтергенде өз ойымызға сүйеніп қоймай, бизнеспен практикалық қажеттіліктерін де негізге алуға тырысамыз. Бүгінгі кездесу осы тұрғыдан пайдалы болды деп есептеймін», - дейді кадр резервінің мүшесі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Әділет Зәкиев.

Кездесу барысында қазақстандық ірі бизнес-компаниялардың негізін қалаушылар өздерінің жұмыс тәжірибесін бөлісті.

Бизнесті ұйымдастыруда қолданылатын инновациялық шешімдер туралы айтып, бизнес саласындағы қазіргі ахуалға байланысты кеңес берді.

Атап айтқанда, А.Белович 30 жылдық тарихы бар холдингті басқару кезінде жолыққан қиындықтар мен ерекшеліктер туралы, компаниялардың циклдік дамуы туралы баяндады.

Кәсіпкердің айтуынша, ұйымның да, елдің де дамуының тірегі – мықты кадрлар.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, ашық диалог Президенттік жастар кадр резервінің мүшелеріне пайдалы болды.

Олар бизнесті жүргізудің өзекті мәселелері және оның мемлекеттік қызметке тиімді тетіктерін енгізу жолдары туралы тереңірек білді.

Шақырылған қонақтар да резерв мүшелерінің әлеуетін бағалауға мүмкіндік алды.

Жастардың арасынан әлеуетті бизнес-серіктестерді байқап, «өзгерістер агенттерінің» бизнес-процестерге, оның ішінде мемлекеттік қызметте де жаңашыл тәсілдерді енгізе алатын буын екеніне көз жеткізді.

Пікірталас клубының қонақтары Президенттік жастар кадр резервінің жобасымен де, оның жекелеген өкілдерімен де жақсы таныс екендерін, резерв мүшелеріне елдің дамуына елеулі үлес қосу міндеті жүктеліп отырғанын атады.

Ірі холдинг басшылары ел дамуына үлес қосу үшін Президент жастар кадр резервінің мүшелерімен тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді.

Екі тарап осы кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарға қазақстандық ірі холдингтердің оң тәжірибесін пайдалану үшін ұсыныстар дайындап, енгізуді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар