Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қалай жүреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Президенттік жастар кадр резервіне екінші іріктеудің негізгі кезеңдері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, әлеуетті резервшілерді іріктеу 6 кезеңнен тұрады.

«Бірінші кезең – үміткерлердің құжаттарын қабылдау арнайы онлайн-платформада биылғы 1-30 қыркүйек аралығында жүргізілді. Екінші кезең – 2-9 қазан аралығында өтетін екі тестілеу блогынан құралған. Мұнда үміткерлердің мәтіндік және сандық ақпаратмен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Үшінші кезеңде – ситуациялық мәселелер шешіледі. 12-17 қазан аралығында үміткерлердің нақты проблемаларды шешудегі көзқарасын бағаланады. Алдыңғы іріктеуде бұл кезеңнің болмағанын атап өткім келеді. Яғни, қолда бар тәжірибені ескере отырып, кандидаттардың кәсіби қызметінде туындауы мүмкін нақты мәселелерді шешуге дайындығын тексеруді ұйғардық», - дейді Анар Жайылғанова.

Ал төртінші кезеңде – кәсіби HR-менеджерлердің қатысуымен үміткерлердің құзыреттері жөнінде сұхбат өтеді және ассесмент-орталық арқылы стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық сияқты жаңа формациядағы көшбасшыларға тән бірқатар мінез-құлық құзыреттілігі бағаланады.

«Бесінші кезеңде қатысушылар сараптамалық комиссияда сұхбаттасудан өтеді. Бұл кезеңге іріктеудің алдыңғы кезеңдерінде ең көп ұпай жинаған қатысушылар жіберіледі. Президент Әкімшілігі құратын комиссия іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке сұхбаттасады. Сұхбат қорытындысы бойынша сараптама комиссиясы ашық дауыс беру арқылы резервке ұсынылатын кандидаттар тізімін жасайды және ұлттық комиссияның қарауына жібереді. Ал іріктеудің қорытынды кезеңінде – қатысушылардың кандидатурасы кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қаралады. Бұл кезеңге сараптама комиссиясы ұсынған ең жоғары балл жинаған қатысушылар жіберіледі. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша кандидаттарды Президенттік резервке қабылдау туралы шешім қабылданады, ол Президент Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен рәсімделеді», - деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Айта кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне қатысушыларды тіркеу аяқталды.

1 қыркүйектен 1 қазанға дейін кадр резервіне қатысуға 8 638 адам өтінім берді. Олардың арасында 5133 ер адам және 3505 әйел бар.


Соңғы жаңалықтар