Президенттік жастар кадр резервін жасақтаудың 4-кезеңі аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттік жастар кадр резервін жасақтау толығымен ашық түрде жүргізілуде. Іріктеудің басым бөлігі онлайн-режімде өтті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұндағы ең басты мақсат – қатысушыларға ыңғайлылық жасау және қоғамға қолжетімді болу. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей: «Жастар Қазақстанның даму жолында шешуші рөлді атқарады. Прогрестің қозғаушы күші де біздің жастарымыз». Мемлекеттік қызметке заманауи ойлайтын, құзыретті, қазіргі заманғы трендтерді білетін жастарды тарту мақсатында агенттік тарапынан Президенттік жастар кадр резервін жасақтау жалғасуда», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Атап өтілгендей, іріктеудің алғашқы төрт кезеңі өз мәресіне жетті.

«Қатысушылардың пікірі бойынша, іріктеудің үшінші кезеңі өте қызықты өтті. Бұл кезеңде үміткерлер өздерінің жобаларын қорғады, эссе жазды және құзыреттерін бағалаудан өтті. Эссе мен жобалық жұмыстарды академиялық орта өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіби қоғамдық бірлестіктер мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері бағалады», - дейді ол.

Келесі кезең – Сарапшылық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу. Ол осы жылдың 27 қараша-13 желтоқсан аралығында өтеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталғанын жазған болатынбыз.

Бұл жоба Сингапурда таныстырылған болатын.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау барысымен танысқан.

Соңғы жаңалықтар