Президенттік жастар кадр резерві жобасы жалғасады - Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жобасы жалғасады. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттік жастар кадрлық резерві - бір күндік бастама емес. Мұны еліміздегі басқару жүйесін жаңғыртудың нақты тетігі және ұзақмерзімді саясат деп қарастырған жөн. Әзірге 300 адам таңдап алынды. Олар жауапты қызметтерге тағайындалады. Бұл жоба кейін де жалғасады. Басқа да жастар кадрлық резервке енеді. Жалпы Президент бұл жұмысты жалғастыру туралы нақты тапсырма берді», - деді М. Әшімбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жобаға 300 адам ғана іріктелсе де, тізімге енбей қалған жастар назардан тыс қалмайды.

«Тізімге енбей қалған жастарды ұмытып кетпейміз. Бәріне көңіл бөлінеді, оның жолдарын, тетіктерін қарастырамыз. Немесе олар келесі іріктеуде қайтадан құжат тапсыра алады. Қазіргі жеңімпаздар резервте 5 жыл болады. Бірақ, бұл 5 жыл бойы келесі іріктеу жүргізілмейді деген сөз емес. Жастар өсіп келеді. Жаңару процесі жүреді. Сол себепті, іріктеу одан да ерте өтуі мүмкін. Оның нақты уақыты, жиілігі ұлттық комиссияның отырысында шешіледі. Әзірге, 300 жасты дамыту, құзіретін арттыру жұмыстары күтіп тұр», - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 үздік қазақстандықтың тізімі жарияланды. Толық тізімді ресми сайттан көруге болады.

Соңғы жаңалықтар