Президенттік жастар кадр резерві: Үміткерлер қандай сыннан өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жуырда елімізде Президенттік жастар кадр реверіне жаңа үміткерлерді іріктеу кезеңі басталады. Осы орайда екінші кезең үміткерлеріне қандай талаптар қойылады, олар қандай сыннан өтіп, тапсырмалар неше кезеңнен тұрады? Бұл сұрақтарға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үміткерлерді іріктеу 5 кезеңнен тұрады және ол биыл қазан-желтоқсан айларында өтеді. Әр кезеңнен кейін үміткерлер іріктеліп, тиісінше олардың саны азайып отырады. Бірінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезеңнен барлық үміткерлер өтуі тиіс және келесі кезеңге ең көп балл жинаған үміткерлердің 50%-ы жіберіледі. Тестілеуден тапсыру тілін үміткер өз бетінше таңдайды, тест 25 сұрақтан тұрады және оларға жауап беруге 25 минут уақыт беріледі. Тестілеу аяқталған соң оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде жарияланады. Айтып өтетін жайт, тапсырманың нәтижесі автоматты түрде жүзеге асырылады яғни адамның қатысы жоқ. Егер бірнеше үміткердің тестілеу нәтижесі тең болған жағдайда мәселе Ұлттық комиссияың талқысына түседі», - деді Ерлан Әбіл ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, екінші кезеңде үміткерлерге ситуациялық тапсырмалар беріледі. Онда үміткерлер ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес тақырыптық бағытты таңдап, сол бойынша тапсырманы орындайды. Тапсырманы орындауға 45 минут беріледі және оның жауабы 500 сөзден аспауы тиіс.

«Үміткердің құзыреттілігін бағалау кезеңіне 250-ден артық адам шақырылмайды. Арнайы тіркеуден өткеннен кейін үміткерлер бағалаудың екі түрінен – ассесмент-орталықта офлайн форматтағы және онлайн форматтағы құзыреттер бойынша сұхбаттан өтеді. Бұл кезең үміткерлердің бойында келесідей құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған: стратегиялық ойлау, проактивтілік, сендіре білу, қызметті басқару, командалық көшбасшылық. Ассесмент-орталықтың нәтижесі бойынша әрбір үміткерге қысқаша есеп жасалып, ол 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей үміткерлердің жеке кабинетінде орналастырылады. Құзыреттер бойынша онлайн сұхбатқа үздік нәтиже көрсеткен 125-тен аспайтын үміткер жіберіледі», - дейді ол.

Ректордың мәлімдеуінше, онлайн сұхбат үміткерлердің ішкі ынта-жігерін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.

«Іріктеудің келесі кезеңі сарапшылық комиссияға алдыңғы сындарда ең үздік нәтиже көрсеткен 100-ден аспайтын үміткер жіберіледі. Онда кандидаттармен әңгімелесу онлайн немесе офлайн түрде өтеді. Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 65 үміткерден аспайтын тізім жасалып, ол Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылады. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 50-ден аспайтын үміткерді резервке алу туралы шешім қабылданады», - деді Е. Әбіл.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде Президенттік жастар кадр резевріне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады. Сондай-ақ, аталған жобаға арналған порталдың іске қосылатыны айтылды.



Соңғы жаңалықтар