Президенттік жастар кадр резерві: Қай өңірлерден көп үміткер тіркелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 қыркүйектен бері Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға 3 828 адам өтінім берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.

Мегаполистер бойынша 24 қыркүйекке дейін Нұр-Сұлтан қаласынан 464, Алматыдан – 174, Шымкент қаласынан – 501 үміткер құжат тапсырған.

Өңірлер арасында Алматы облысы – 368, Түркістан облысы – 343, Маңғыстау – 221, Қостанай – 220, Ақмола – 210, СҚО – 193, Атырау – 191, Қызылорда – 188 алдыңғы қатарда тұр. Одан кейін Қарағанды облысы – 136, Ақтөбе – 133, ШҚО – 128, БҚО – 97 және ең аз үміткер әзірге Павлодар облысында – 92.

Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервіне шет елдерден де үміткерлер тіркелген. Атап айтқанда, АҚШ-тан 2, Ұлыбританиядан – 2, Грузиядан – 2 және Біріккен Араб Әмірліктері мен Болгариядан 1 үміткерден өтінім берген.

Кадрлық резерв бағыттары бойынша «Білім беру жүйесін дамыту» бөлігі 1173 үміткермен көш бастап тұр. Одан кейін «Мемлекеттік басқаруды дамыту» - 1140, «Өңірлік даму» – 694, Ұлттық экономика мен сыртқы сауданы дамыту – 276, «Жаңа әлеуметтік саясат» - 235 бағыттары жайғасқан. Ең аз үміткер «Ішкі саясатты жетілдіру» (195) және «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту» (115) бағыттарында байқалады.

Гендерлік бөліністе үміткерлер арасында 2161 ер адам және 1667 әйел бар.

Айта кетейік, құжаттарды қабылдау 1 қыркүйекте онлайн режимде pkrezerv.gov.kz платформасында басталған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл Президенттік Жастар кадрлық резервіне 50 жас маман іріктеледі.

Конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімі, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді кемінде орта деңгейде меңгерген Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Ол үшін Pkrezerv.gov.kz сайтында тіркеліп, өтінім беруге болады. Қажетті құжаттар тізімінде жеке куәлік көшірмесі, жоғары білім туралы дипломдардың көшірмесі, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі және мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат бар.

Іріктеу кезеңі 2 қазан мен 25 желтоқсан аралығында өтеді.


Соңғы жаңалықтар