Президенттік сайлауға түсетін бірінші әйел кандидат еңбек жолын қалай бастаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін "Ақ жол" партиясының кезектен тыс XV құрылтайы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаеваны кандидат ретінде бекітті. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет әйел адам президенттік сайлауға түсетін болды. ҚазАқпарат тілшісі Дания Еспаеваның өмірбаянына шолу жасады.

ҚР Парламент Мәжілісінің ресми сайтына көрсетілген ақпаратқа сәйкес, Дания Мадиқызы Еспаева 1961 жылы 5 наурызда Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Жайсаң ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы есеп-несие теxникумын бітірген. Ал 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының экономист мамандығы бойынша дипломын алды. Еңбек жолын теxникумды бітіргеннен кейін бастаған.

1982 ж. - КСРО Мемлекеттік банкінің Ақтөбе облыстық басқармасының несиелендіру бөлімінің экономисі, 1986-1987ж.ж. - осы бөлімнің бас экономисі, 1988-1991ж.ж. - Промстройбанктің облыстық басқармасы ақша айналымы бөлімінің бас экономисі, 1992 ж. - "Тұран" сақтандыру қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының бас буxгалтері, 1992-1995 ж.ж. - "Тұран" СҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары, 1995-1997 ж.ж. - Қазақстанның Әлем Банкі Ақтөбе облыстық филиалы несие бөлімінің бас маманы, несиелендіру бөлімі бастығының орынбасары, аталған бөлім бастығының міндетін атқарушы, 1998 - 2005 ж.ж. - «БТА Банк» АҚ директорының корпоративтік бизнес жөніндегі орынбасары, 2006 ж.- 2014 ж. қарашаға дейін - «БТА Банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры, 2014 ж. қарашадан бастап - «Қазкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры, ал 2016 жылдың наурыз айынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін атқарып жүр. Мәжілістің бюджет және қаржы комитетінің құрамына кіреді.

Дания Еспаеваның банк саласындағы жалпы еңбек өтілі 34 жылды құрайды. Соның 17 жылын ол басшылық қызметте өткізді. Облыстық мәслиxатқа екі рет депутат болып сайланды. "Атамекен" ҰКП филиалының басқармасына кіреді. Облыстық әкімдіктің жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комиссияның құрамында 14 жыл болған. Ақтөбе облысының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны және аймақ экономикасын дамытқаны үшін 2011 жылы "Құрмет" орденімен марапатталған. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен 25 жылдығына арналған медальдары да бар. Бұдан бөлек, Қазақстанның қаржы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін "Үздік қаржыгер" қоғамдық медалімен марапатталған. Екі ұлы мен екі немересі бар.

Айта кетейік, бүгін құрылтай делегаттары жасырын дауыс беру арқылы алты үміткердің біреуін таңдады. Дауыс беру кезінде 190 делегаттың 49,5 проценті депутат Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдады. Бірақ кандидаттың дауысы 50 проценттен асуы керек. Осыдан кейін президиум мүшелері кеңесіп, екінші турды өткізбеу жөнінде шешім қабылдады. Себебі Д.Еспаеваның басымдығы айқын болды. Делегаттар аталған шешімді қолдады. Сөйтіп, Дания Еспаева партияның атынан президент сайлауына кандидат ретінде бекітілді.

"Жақында орталық кеңесінің пленумында президенттікке үміткерлер мәселесі талқыланған болатын. Азат Тұрлыбекұлы маған кандидатурамды шығаруға ұсыныс жасады. Сол кезде "Сайлауға әйел адам қатысса, қалай болады екен?" деген сұрақтар да қойылды. Қазақ қоғамында әйелдер өз орнын білуі керек деп қарсы шыққандар да болды. Сонда мен намыстанып кеттім. Әйелдің де билікте отыра алатынын дәлелдеп берейінші дедім. Сөйтіп, президенттік сайлауға қатысуға бел будым", - дейді Дания Еспаева осы шешімге қалай келгені жөнінде.

Оның айтуынша, бүгінде ҚР Парламент Мәжілісінде депутаттардың 30 проценті - әйелдер. "Ақжол" фракциясында әйел депутаттардың саны да аз емес. "Осының өзі әйел адамдардың билікте отыра алатынын көрсетіп отыр. Меніңше, әйел бар жерде тәртіп бар", - деп атап көрсетті Д.Еспаева.

Соңғы жаңалықтар