Президенттік сайлау өтті деп танылды – Өзбекстан ОСК

Фото:
ТАШКЕНТ.ҚазАқпарат - Өзбекстанда сағат 11.00-дегі жағдай бойынша кезектен тыс президент сайлауына сайлаушылардың 33%-дан астамы қатысты, соған байланысты сайлау өтті деп танылды.

Бұл туралы Ташкентте өткен брифингте Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бахром Кучкаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау кодексіне сәйкес, сайлауға сайлаушылардың кемінде 33 %-ы қатысса, сайлау өтті деп есептеледі. Сайлаушылардың қатысуын анықтайтын электронды жүйенің мәліметінше, таңғы сағат 11.00-ге дейін сайлау учаскелеріне 6 463 874 сайлаушы немесе жалпы тізімнің 33,54 пайызы келген. Сайлау өтті деуге негіз бар», - деді Б.Кучкаров.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлауға төрт үміткер қатысуда, оның ішінде қазіргі президент Шавкат Мирзиеев те бар. Сайлауда жеңіске жету үшін кандидат 50 пайыздан астам дауыс жинауы керек.

Бұл Өзбекстанның жаңа Конституциясы күшіне енгеннен кейінгі алғашқы сайлау. Енді президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды.

Фото: saylov.uz