Президенттік резервшілер «Бәйтерек» холдингінде басшылық лауазымға тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттік жастар кадрлық резервіне кіретін «Бәйтерек» холдингінің қызметкерлері басшылық лауазымға тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі холдингке сілтеме жасап.

Атап айтқанда, холдингтің Жобалық қаржыландыру және МЖӘ департаментінің жоба жетекшісі Ернар Мыңжанов «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-ның еншілес ұйымы «Baiterek Venture Fund» АҚ инвестициялық департаментінің директоры болып тағайындалды.


Ол Қазақстан-Британ техникалық университетін және «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Манчестер университетін бітірген. 2018 жылдан бастап «Бәйтерек» холдингінде жұмыс істейді және инвестициялық жобаларды қаржылық құралдармен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады. Оның негізгі жобасы «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы болды. Онда қаржыландыру сызбасын құрылымдаумен айналысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Президенттік кадрлар резерві» бастамасы талантты жастарға бағытталған. Мен қоғамның, өмірдің түрлі салаларындағы маңызды мәселелерді шешуге қатысатын жас басшылар құрамына кіргім келді. Президент мемлекеттік басқарушылық құрамның жеделдетілген дамуы үшін мүмкіндіктер мен технологияларды тиімді пайдаланатын, үлкен деректермен жұмыс істей алатын, болжай білетін көшбасшылармен толықтыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан бұл жарысты жаңа сынақ ретінде қабылдадым. Бұл біздің еліміз үшін бірегей жоба», - деді Ернар Мыңжанов.

Президенттік кадрлық резервтің тағы бір өкілі «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Операциялық тәуекелдер басқармасының басшысы Ерболат Даданбаев «QazTech Ventures» АҚ Тәуекелдерді басқару департаментінің директоры болып тағайындалды. Бұл екі компания «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары және бизнесті қолдауға бағытталған. Е.Даданбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Ол 10 жылдан астам уақыт елдің ірі қаржы ұйымдарында жұмыс істеді. Оның ішінде 3 жыл ҚДБ операциялық тәуекелдер басқармасының бастығы болды.

«Мен әрқашан жаңа білім мен кәсіби өсу мүмкіндіктеріне ұмтыламын. 2018 жылы «Бәйтерек» холдингінің кадрлық резервіне кірдім. Бұл бізге кәсіби және мансаптық өсуге қосымша мүмкіндіктер берді. Өткен жылы Қасым-Жомарт Кемелұлының жастардың кадрлық резервін құру туралы бастамасын естідім. Әрине, оны қуана қабылдап, іріктеуге қатысуға өтініш білдірдім. Өйткені бұл өзімді сынау, күшті және әлсіз жақтарымды анықтау мүмкіндігі болды», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы холдингтің және оның еншілес ұйымдарының 13 қызметкері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Президенттік кадрлық резервіне кірді.


Соңғы жаңалықтар