Президенттік реформалар: сарапшылар бейбіт жиналыстар туралы заңның нәтижелерін талқылап жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қызметінің аясында «Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қолданысына шолу» талдамалы баяндамасының таныстырылымы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға белгілі қазақстандық сарапшылар, құқық қорғаушылар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қатысып жатыр.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин ашты.

Баяндама авторлары - Марат Шибұтов пен Найля Әлмұхамедова.

Таныстырылым барысында баяндама авторлары бұл құжатта митингілер туралы заңдарды жетілдірудің қысқаша хронологиясы беріліп, өткен жылда өткізілген бейбіт жиналыстарға қатысты қабылданған нормалардың ережелерін жүзеге асыру жайына талдау жасалғанын айтты.

Атап айтқанда, баяндамада жаңа заңның қолданылуы азаматтарға өздерінің азаматтық позициясын көрсетуге кең мүмкіндіктер беретіндігіне назар аударылады. Сонымен қатар, заң нормалары бойынша жаңа орындарда, қалалардың орталықтарында бейбіт жиналыстар өткізу тұрғын халықтың көп жиналуына, бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты жария етуге жол ашты.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң күшіне енген сәттен бастап өткен жылдың маусым айынан осы жылдың маусымына дейін 500 -ден астам бейбіт жиналыстар (митинг, пикет, жиналыс, шеру, демонстрация түрінде) бүкіл ел бойынша өтті. Жаңа заңның арқасында митингтер қазақстандықтардың қоғамдық өмірінде үйреншікті нормаға айналуда.

Қазіргі уақытта Ұлттық кеңес қызметінің аясында барлығы 17 заң, 3 Жарғы және орталық мемлекеттік органдардың 50-ден астам қаулысы, бұйрықтары мен өкімдері қабылданды. Қазірге уақытта 15-тен астам заң жобасы әзірлеу және қарау сатыларынан өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар