Президенттік қолдау: Жамбыл облысында 119 мың тұрғынға коммуналдық өтемақы беру көзделіп отыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 119 мың тұрғынға коммуналдық өтемақы беру көзделуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда халық үшін маңызды ақпараттың бірі - Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу жайында. Тұтынушылардың абоненттік есеп шотына ай сайын (2 айға) тікелей 15 мың теңге аударылып, коммуналдық қызмет ақысы өтеледі. Жалпы облыс бойынша осы бағытта 119 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл бойынша CALL орталық құрылды», - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, коммуналдық қызметтерді өтеу 7 санаттағы азаматтарға берілмек. Олар: 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, көпбалалы отбасылар, ҰОС мүгедектері мен қатысушылары және оларға теңестірілген азаматтар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, адамды құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасы, ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.

Сондай-ақ, бұдан өзге, облыстық Nur Otan партиясы филиалымен бірлесе, «BizBirgemiz» қоры қаражатынан Тараз қаласы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек беру жүргізілді.

«Азаматтар тізімі 7 санат бойынша жасақталып, бүгінгі күнге 16 768 азаматтың есеп шотына 50 мың теңгеден аударылды. Барлығы 838 млн теңге көмек жасалды. Сонымен қатар, Nur Otan партиясының аймақтағы белсенді мүшелері, жеке кәсіпкерлердің көмегімен 80 млн теңге көлемінде қаржы жиналып, 3 мың отбасы алғашқы кезектегі қажеттіліктегі азық-түлік себетімен қамтылған», - дейді Е.Жылқыбаев.


Соңғы жаңалықтар