Президенттік қолдау: ШҚО-да 158 мыңға жуық адам коммуналдық қызметтер үшін өтемақы алады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының 158 мыңға жуық тұрғыны коммуналдық шығын үшін 15 мың теңгеден ала алады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәулет Батырбаевтың айтуынша, өтемақы коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен келісімі бар азаматтардың жекелеген санаттарына төленеді.

«Жалпы өңір бойынша 158 мыңға жуық адам коммуналдық шығын үшін 15 мың теңгеден алуға құқылы. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың call-орталықтарына, қалалар мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне хабарласа аласыз. Содан соң мамандарға жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН), абоненттік шотыңызды және әлеуметтік мәртебеңізді айтуыңыз керек», - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, 21 сәуірде тұрғындардан 400-ден астам қоңырау түскен. Осы орайда облыстың барлық қала, аудандарында арнайы штабтар жұмыс істеуде.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін карантиндегі өңір тұрғындары коммуналдық шығын үшін 15 мың теңгеден алатындығы туралы хабарланған.



Соңғы жаңалықтар