Валюта бағамдары:
    usd/kzt 477.98 eur/kzt 488.93

    rub/kzt 7.93 cny/kzt 70.82
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Президенттік кадрлық резервіне өткендер қандай қызметтер атқаруда

2022 жылғы 25 наурыз 16:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдан бері Президенттік жастар кадрлық резервіне 350 үміткер іріктелген. ҚазАқпарат осынша жастың қаншасы өзіне лайықты жұмыс тапқанына шолу жасап көрді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспаөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша, 2021 жылы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу жүргізіліп, мемлекеттік қызметке 50 резервші іріктелген. Бұған дейін 2019 жылы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторға 300 адам іріктелген болатын.

Алдыңғыдан айырмашылығы, соңғы іріктеуде рекрутинг процесі кандидаттардың ішкі уәждері мен құндылық бағдарын бағалауға көбірек бағытталған көрінеді.

Сондай-ақ, іріктеу кезеңдеріне эссе жазу мен жобаны таныстырудың орнына ситуациялық есептерді шешу және құзыреттілікті бағалауға арналған мінездемелік сұхбаты сияқты жаңа құралдар енгізілген.

«Қазіргі таңда 350 резервшінің 219–ы жұмысқа орналастырылды. Орталық мемлекеттік органдарға – 103 резервші, жергілікті атқарушы органдарға – 39, ұлттық компанияларға – 41, өзге де және жеке ұйымдарға – 36 резервші тағайындалды», -делінген агенттік дерегінде.

Қазірдің өзінде 19 резервші саяси лауазымдарды, 8 резервші «А» корпусының лауазымын атқарып жүр. Сондай-ақ 1 резервші Парламент Мәжілісінің, 1 резервші облыстық мәслихаттың депутаты.

Бірінші басшылардың штаттан тыс кеңесшілері болып жүрген 3 резервші тағы бар. Атап айтсақ, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және «Амаnат» партиясында резервшілер осындай қызмет атқарып жүр.

Агенттік мәліметі бойынша, мемлекеттік органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына 36 резервші енгізілген. Олар:

- 1 резервші Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі;

- 18 резервші директорлар кеңесінің мүшелері (БҒМ);

- 4 резервші жұмыс топтарының мүшелері (АҚДМ);

- 11 резервші қоғамдық кеңестің мүшелері (МҚІА, ҰЭМ, ҚМ, ЭМ, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстарының әкімдіктері);

- 1 резервші Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі (Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі);

- 1 резервші Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі.

4 резервші «Амаnат» партиясының Саяси кеңесінің құрамына қосылды.


Автор:

Есімжан Нақтыбай

Новости по теме