Президенттік кадрлық резерв жастарға да, мемлекетке де қолайлы – Олжас Сәкенов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттік кадрлық резерв бағдарламасы жастарға да, мемлекетке де қолайлы. Мұндай пікірді Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Олжас Сәкенов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттік кадрлық резерв бағдарламасының мәні ерекше. Бұл бастама жастарға да, мемлекетке де қолайлы. Өйткені мемлекеттік қызметке келген жастар, жаңа буын жүйеге қандай да бір жаңалық енгізетіні белгілі. Әсіресе, жеке сектор тұрғысынан алғанда тың серпін бермек. Мәселен, кадрлық резервке енген жастардың 30 пайызға жуығы жеке секторда, халықаралық компанияларда жұмыс істеген немесе әлі күнге дейін сонда жұмыс істейді. Алда-жалда олар мемлекеттік қызметке келіп жатса, тәжірибесі мен біліктілігін еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы жолына арнамақ. Ал жастарға келсек, бағдарламаның оларға да пайдалы екені анық. Яғни, біз жеке идеяларымызды ұсынып, тәжірибемізбен бөлісуге зор мүмкіндік туды. Сондай-ақ бастаманы «әлеуметтік лифт» ретінде де қарастыруға болады. Жоғары лауазымға жету үшін мемлекеттік қызметте еңбек өтілі қажет. Ал кадрлық резерв арқылы бірден басқарушылық лауазымға тағайындалуға жағдай жасалған. Осы арқылы салаға қандай да бір өзгеріс енгізуге мүмкіндік туады. Бұл резервке енген жастардың алдағы жұмыс мансабына оң ықпал ететіні анық», - деді ол.

Жас маман Президенттік кадрлық резервке сынақ бірнеше кезеңнен тұрғанын айтады.

«Оның төртеуі онлайн режімде жүргізілді. Екеуінде сарапшылармен бетпе-бет кездесіп, әңгімелестік. Бұл – бұрын-соңды болмаған тәжірибе деп ойлаймын. Өйткен Мемлекеттік басқару академиясы, сондай-ақ Талантис, SHL деген дүниежүзіне мәлім компаниялардың жинаған әдістемесін пайдаланып, мұндай шынайы түрде бағалау өте тиімді болғаны анық. Сынақ кезінде мен үшін SHL тарапынан әзірленген сұрақтар оңайға соққан жоқ. Өйткені оларға мұқият әзірлену қажет. Сонымен қатар бір минут ішінде сұраққа жауап беру де жеңіл тапсырма емес. Алайда осындай қиындыққа қарамастан, бәрін сәтті тапсырып шықтым», -деді Олжас Сәкенов.

Олжас Сәкенов өткен аптада резервке енген жастар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенін, сол жиыннан көп нәрсе түйіп шыққанын баса айтты.

«Мемлекет басшысының сөзінен түйгенім, Президенттің кадрлық резерві жобасы бір реттік қана жоба емес. Жалпы, бүкіл саяси жүйені, мемлекеттік қызметті өзгертетін жобалардың легі ғана. Ондай өзгерістер әлі де болады. Бұл – өзгерістердің басы ғана. Сондықтан осындай өзгерістердің болғанына, реформалар жасауды қолдаймын. Өйткені резервке енген жастардың әрқайсы өз салаларында қандайда бір идеялар мен өзгерістер енгізуге септігін тигізеді. Жалпы, замандастарыма айтарым. жастарға қазіргі заманда өте көп мүмкіндік бар. Соларды жіберіп алмау керек. Кез келген жобаға қатысып, өз күшіңізді сынағыңыз келсе, біліктілігіңіз бен біліміңізді байқап көруді көздесеңіз, жобаларға міндетті түрде қатысыңыз. Мұндай қадам сізге жақсы әсер тигізетіні анық. Тіпті іріктеуден өте алмасаңыз да, көкжиегіңіз кеңейеді»,- деді жас резервші.


Соңғы жаңалықтар