Президенттік кадр резерві басқарушы құрамды сапалы деңгейге көтереді - Жеңіс Сейдуллаұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –  Президенттік жастар кадр резерві - дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты. Мұндай пікірді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттiк ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың барлығы біртіндеп іске асып жатқанын көруге болады. Соның бірі – білімді жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Мемлекет басшысының «Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру» туралы Жарлығы - осының айқын дәлелі. Президенттік кадрлық резервті құру идеясы еліміздегі жетекші басқарушы құрамды жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған жақсы бастама деп білемін. Бұл – дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты. «Жастар - алдағы реформалардың негізгі қозғаушы күші» деп Мемлекет басшысы атап өткендей, Үкімет қазіргі жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтегі аға буыннан кейін билікке келетін жас мамандарға үлкен сенім артуда», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Оның пайымынша, Президент қабылдаған маңызды Жарлық, бір жағынан, жастарға жол ашса, екінші жағынан, еліміздегі кадрлық саясатты да жақсарта түспек. Сонымен қатар бұл білімді, білікті, еңбекқор жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік.

«Жаңа идеяларды ұсынуға қабілетті, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, жаңашылдыққа бейім, тез шешім қабылдай алатын жас көшбасшыларды қолдау арқылы еліміз жаңа белестерді бағындырады деп ойлаймын. «Жас келсе – іске» демекші, қабілетті жастар осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, Қазақстанның қарыштап дамуына өз үлесін қосуы керек. Президенттік кадр резервіне енудің шарты қиын емес. Іріктеуге республика бойынша 35 жасқа дейінгі жоғары білімі мен 5 жыл жұмыс өтілі бар кез келген жас қатыса алады», - деді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Айта кетейік, Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кадрлық резерв құрылатынын мәлімдеді. Ал тамыз айының соңында Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы жылдың қыркүйек айында Президенттік жастар кадр резервіне өтінім қабылдау басталды.

Соңғы жаңалықтар