Президенттік кадр резерві: Алматыда 45 адам өтініш берді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 1 қыркүйекте Президент жанындағы жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу басталды. Мемлекеттік сектор резерві қатарына 50 адам қабылдау жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн брифинг барысында Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері басқармасы басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан кандидаттардың қандай талаптарға сай болуы керек екенін айтты.

Оның сөзінше, Президенттік кадр резервіне үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек.

«Байқауға жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді мен жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес азаматтар жіберіледі. Қазіргі іріктеудегі жаңашылдық – үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растауы қажет. Ол ұлттық стандартқаа сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы тиіс», - деді департамент өкілі.

Сонымен қатар, ол кандидаттардың мемлекеттік тілде мәтін құруы, өз пікірін дәлелді түрде жеткізуі және қарапайым диалог жүргізе алуы керектігін түсіндірді.

«Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, кадрларды іріктеу процесі тек қажетті білімді, дағды мен қабілетті ғана емес, сонымен қатар үміткерлердің шынайы мотивациясы мен олардың ниетін бағалайды.

Мемлекеттік сектор үшін ең алдымен қоғамдық мүддені басшылыққа алатын жас таланттарды табу маңызды.Сондықтан барлық үміткер іріктеу кезінде ситуациялық тапсырма мен мінез-құлық бойынша сұхбат береді», - деді Шынарай Əлімхан.

Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар іріктеуге қатыса алмайды.

Іріктеуден өткендер «А» корпусының саяси әкімшілік лауазымдарына және жетекші - «Б» корпусына тағайындалады. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілі Президенттік резервке тіркелу резервте болу кезеңінде лауазымдарға міндетті түрде тағайындалу шарт емес екенін жеткізді. Тағайындау резервтегі адамдардың және қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа адамдардың арасынан да жүргізілуі мүмкін. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері басқармасы бастығының орынбасары Шынарай Əлімхан ықтимал резервшілерге дайындалған іріктеу кезеңдері туралы айтып берді.

«Алғашқы кезеңде құжаттар мамандандырылған онлайн платформада бір ай ішінде қабылданады. Екінші кезеңде мәтін және цифрлы ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Ал үшінші кезеңде ситуация тапсырмалары беріледі», - деді спикер.

Болашақтағы, төртінші кезеңде құзыреттілік екі блоктан бағаланады: бағалау орталығы және құзыреттілік бойынша сұхбат. Бесінші кезеңде үміткерлер сараптамалық комиссиядан сұхбаттан өтеді. Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған комиссия алдыңғы іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке сұхбат жүргізеді.

«Сұхбаттасу нәтижесі бойынша сараптамалық комиссия резервке жазылуға ұсынылған кандидаттардың тізімін жасайды, ол Ұлттық комиссияның қарауына жіберіледі. Іріктеудің соңғы кезеңінде үміткерлерді кадрлық резерв жөніндегі Ұлттық комиссия қарайды», - деді ол.

Айта кетерлігі, іріктеудің басталғанына 9 күн өтті, ал бүгінгі күнгі мәлмет бойынша Алматы қаласында 45 үміткер тіркелді, ал республика бойынша үміткерлер саны - 281.


Соңғы жаңалықтар