Президенттік кадр резерві: 4 тілде сөйлейтін ақтөбелік шетелдегі жұмыстан бас тартты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Президенттік кадр резервіне енген Ләззат Әділова шетелдегі жұмыстан бас тартып, Ақтөбеге оралды. Еліміздегі ең білімді 300 жастың қатарына қосылған маман болашақта мемлекеттік қызметкер болуды мақсат етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ләззат Әділова Президент бастамасы мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген жас мамандарға жарқын мақсаттарын іске асыруға жол ашты деп есептейді.

«Президенттік жастар кадр резерві Мемлекет басшысының сайлауалды бастамасында міндет етіп қойылды. Ең дарынды, білімді 300 жас таңдалды. Болашақта бұл жастар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруды мақсат етіп отыр. Мен халыққа қызмет етіп, жағдайын көтеру, өз білімім мен тәжірибемді ел игілігіне бағыттауды көздеймін. Кадрлық резерв жасақталғанда ашық әрі обьективті жеті кезеңнен өттік. Әрқайсысының өз артықшылығы мен жауапкершілігі зор. Қаңтар айында Президентпен кездесу болды. Сол кезде тапсырма беріп, нақты айтты. Бізге ел үлкен үміт артып отыр. Қазір мен мұнай компаниясында еңбек етіп жүрмін. Бас менеджермін. Қазақ тілінен өзге орыс, қытай, ағылшын тілінде еркін сөйлей аламын. Қытай тілінде магистратура бітірдім. Бірден Қытайда халықаралық ұйымдар жұмысқа шақырды. Бірақ мен Қазақстанға оралып, еңбек етуге шешім қабылдадым», - деді Ләззат Әділова.

Инвестиция тарту, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылым бағытын дамытып жүрген маман болашақта халықаралық қатынастар бағытында жұмыс істеуді армандайды. Мемлекеттік қызметке ауысып, жаңа бастамаларымен ел дамуына ықпал етпек.

«Бәріміз де қарапайым қазақ баласымыз. Мәселен, менің әкем - теміржолшы, анам - дәрігер. Ұзақ жылдан бері бір салада еңбек етіп жүр. Президенттік кадр резервіне жиналған жастардың білімі жоғары, кейбірі шетелде жүріп жаңа технологияны меңгерген. Жиналған адамдардың көзқарасы өзгеше, көп біледі. Бірақ бәрі қарапайым, ел үшін, ертеңіміз үшін еңбек етеміз деп ортақ мүддеге тоғысты», - деді Ләззат Әділова.

Еске салсақ, Президент Қасым – Жомарт Тоқаев «Жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар» шыққан жастармен кездесуінде ел дамуының бағытын түсіндіріп берді. Президенттік кадр резервіне барлығы 13 мыңнан астам өтініш түссе, олардың тек 300-і іріктелді.








Соңғы жаңалықтар