ПРЕЗИДЕНТТЕН ҰОС АРДАГЕРІНЕ: Соғыстың от-жалыны шарпыған Жәнібек ауданында майдангерлерге Елбасы атынан сый-сияпат жасалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәнібек ауданында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне де Елбасының құттықтауы мен жаңажылдық сыйлықтары жеткізілді.

Аудан әкімі Мұрат Мұқаев қазір Орал қаласында емделіп жатқан Мардан Есмұхамбетовке арнайы келіп, хал-жағдайын білді. Президенттің сәлемдемесін тапсырып, ауданда мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде әңгімелеп берді. 1922 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген М.Есмұхамбетов 1941 жылғы қарашада Отан қорғауға аттанған. Ленинград, Белорусь майдандарында болып, Польша жерін азат етіп, Берлинге дейін барды. 1945 жылы елге оралып, 1989 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанша Жәнібек ауданында түрлі салада жұмыс істеді. Ол «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталды.

Аудандағы тағы бір майдангер, 1926 жылғы Кенжеғали Асанов Талов ауылында тұрады. 1944 жылдың қараша айында майданға алынған. 3-Белорусь майданы құрамында неміс-фашист әскерлерін талқандауға қатысқан. 1952-1987 жылдары партия, кеңес жұмыстарын атқарған. Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Елбасы құттықтауы мен тарту-таралғысы К.Асановқа да табыс етілді. «Жаңа жылдың алдында Президентіміздің құттықтап жатқаны мерейімізді бір өсіріп тастады. Жыл құтты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бейбіт заманда ғұмыр кеше берейік. Халқымыз Елбасының бастауымен алға баса берсін», - деді майдангер.

Айта кетейік, соңғы деректер бойынша Жәнібек ауданынан 3602 адам аттанып, соның 2341-і оралмаған. Жәнібек - Сталинград майданына байланысты соғыс жағдайында деп жарияланған екі ауданның бірі. Жәнібек стансасын жау ұшақтары жиі бомбалап, көптеген нысан қирады немесе бүлінді, талай адам қаза тапты. Сол соғыстың көзі тірі куәгерлері Жәнібекте әлі де баршылық.

Соңғы жаңалықтар