ПРЕЗИДЕНТТЕН ҰОС АРДАГЕРІНЕ: Майдангер Л.Кереев тоқсан жасын атап өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланатын қой жылының алғашқы күндері Сырым ауданы Жымпиты ауылында тұратын майдангер Ләтифолла Кереев өзінің тоқсан жасын атап өтті.

Ұлы Отан соғысының ардагерін мерейлі жасымен Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абат Хамзин арнайы құттықтап, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Ардагер өзінің майдан жолы туралы тебірене әңгімелеп берді. 1943 жылы әскерге алынған ол Украина майданы құрамында ұрыстарға қатысты. Маршал Г.Жуков басқарған әскер құрамында Германия жерін басып өтіп, 9 мамырда Берлинге дейін жетті. Бір соғыс аяқталмай жатып, екіншісіне аттанатынын білген де жоқ. Жапонияның Квантун армиясымен соғыста 1945 жылдың тамызында ауыр жарақат алды. Танкінің артында келе жатқанда, жау снаряды түсіп, ауыр жарақаттанады. Бел омыртқасы да сынады. Моңғолияда ауруханада бір ай жатып, қыркүйекте Алматыға келіп, мұнда 1946 жылдың ақпан айына дейін емделеді. Содан елге бірінші топтағы мүгедек болып оралады.

Бухгалтерлік курсты бітіріп, мамандық алады. Мүгедектігі екінші топқа ауыстырылып, көп ұзамай Нарын құмында Тотым атты қызға үйленеді. 1952 жылы әскери полигон құрылып, Орда, Жаңақала аудандарының жері соған берілген кезде, Жаңақаладан Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданы Ақырап ауылына көшіріледі. Бірнеше шаруашылықта есепшілік қызметті абыроймен атқарады. Бүгінде ол ұлы Өмірхан мен келіні Ғалияның қолында ұрпақтарымен бірге ғұмыр кешуде. Үш ұлдан 9 немере, алты қыздан 28 жиен, 4 шөбере сүйген бақытта ата жуырда тағы бір шөбересін көрмекші.

«Өткен жыл соңында аудан әкімі Абат Шыныбеков Елбасының құттықтау хаты мен жаңажылдық сыйлығын табыс етіп, көңілім бір көтеріліп қалған еді. Енді, міне, тоқсанның төріне шығып, ел-жұртыммен бірге оны да көріп отырмын. Бәріне де ризамын. Біздің елімізде Президентіміздің өзі осылайша майдангерлерге көңіл бөліп, құрметтеп отырғанда, мерейің өсе түседі екен. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманға жететін ештеңе жоқ, соның қадірін білейік», - деді Л.Кереев.

Соңғы жаңалықтар