Президентке видео-хабарлама жолдаған «Қазатомөнеркәсіп» жұмысшыларының мәселесі шешілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жалақыларының қысқаруына байланысты Қазақстан Президентіне видеожазба жолдаған жұмысшылардың мәселесі толықтай шешілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үстіміздегі жылдың 13 сәуірі күні әлеуметтік желілерде «Таукент-Энергоқызмет» ЖШС-нің бірқатар қызметкерінің Қазақстан Республикасының Президентіне жолдаған үндеуіне қатысты төмендегіні хабарлаймыз. 2017 жылдың қазан айында «ОРТАЛЫҚ» ӨК» ЖШС («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) өзінің даму бағдарламасына сәйкес «Учаскені жылумен және сумен қамтамасыз ету бойынша қызметтер» бейінді емес қызмет бағытын аутсорсингке өткізді. Қызметті аутсорсингке өткізу шарасы толығымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілді. «ОРТАЛЫҚ» ӨК» ЖШС кеніштің кәріз жүйесі мен учаскені жылумен қамтамасыз ету қондырғысына техникалық қызмет көрсету бойынша «Таукент-Энергоқызмет» ЖШС-мен бір жылдық келісімшарт жасады. Келісімшартта екінші тарап бұған дейін учаскедегі жұмыстарды атқарып келген «ОРТАЛЫҚ» ӨК» ЖШС-ның 31 қызметкерін 1 жылдық мерзімде жұмыспен қамтып, айлығын сақтап, әлеуметтік міндеттерді орындайды деп көрсетілген. Ол міндеттер толықтай орындалды», - деп атап өтті компанияның Қоғаммен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінен.

Қоғаммен байланыс департаментінің мәліметінше, 2019 жылдың ақпан айынан бастап қолданыстағы «Жұмысшылардың еңбектері мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы» талаптарына сәйкес разряд өзгерісіне, және соған байланысты айлық тарифтік мөлшерлеменің қысқаруына байланысты кәсіпорынның бірқатар жұмысшыларының айлық ақысы төмендетілді.

«Айлық тарифтік мөлшерлемеге қосымша «Таукент-Энергоқызмет» ЖШС ай сайын Еңбекақы және материалдық ынталандыру туралы ішкі ереже мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы қарастыратын барлық төлемақыларды жүзеге асырады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлеуметтік жауапты компания ретінде барлық тиесілі іс-шараларды өткізді, аталмыш еңбек дауына қатысты мәселелер 2019 жылдың 15 сәуіріндегі ахуал бойынша өз шешімін тапты», - деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіптен».

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бірнеше қызметкерінің жалақыларын қысқартуға және разрядын төмендетуге қатысты наразылық танытуына байланысты тексеру жүргізетіндігін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар