Президентке отандық бизнесті қолдауға қатысты жоспар жайында баяндалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсіновті қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпкерлер құқын қорғау мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар мен отандық бизнесті қолдауға қатысты жоспар жайында баяндалды.

Рүстем Жүрсінов Қазақстан Президентіне соңғы 4 жыл ішінде 25 мың өтініш қаралып, оның 43 пайызы оң шешілгенін, кәсіпкерлердің 197 миллиард теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалғанын айтты. Бизнес-омбудсменнің айтуынша, санитарлық талаптарды сақтау жөнінде тәртіп әзірленді, кәсіпкерлердің, олардың жұмысшылары мен тұтынушыларының арасындағы жауапкершілігі айқындалды.

Мемлекет басшысына коронавирус пандемиясының отандық бизнеске тигізген салдары және кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі ұсыныстар туралы ақпарат берілді. Нақты айтқанда, еңбекақы төлеу қоры, жер қатынастары, салық мәселелері жан-жақты айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер қатынастары мен еңбекақы төлеу қорына салмақ түсірмейтін жаңа реттеу саясаты жөніндегі өзгерістерді тиісті мемлекеттік органдар мұқият зерттеуі қажет екенін атап өтті. Президент «Бір көзден сатып алу» порталының тиімділігі мен ашықтығына жіті мән беру керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рүстем Жүрсіновке бизнеске қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың арту себептерін анықтауға, бақылау-қадағалау қызметін реформалауды әзірлеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар