Президентке де елге сатып жүрген аяқ киімдерді ұсындық – Дәурен Раманқұл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президентке аяқ киім сатқан Дәурен Раманқұл ең алғашқы өнімін Facebook арқылы сатыпты. Серіктесі Айдын Мақашпен бірге жылына 1000 аяқ киім тігетін өндіріс ошағын құрған кәсіпкер ҚазАқпарат тілшісіне неліктен ер адамдардың ғана аяқ киімін тігетінін айтып берді.

Алдымен «Айқын» газетіндегі айшықты сұхбат, одан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Twitter-дегі лебізі адал еңбегімен тасын өрге домалатып жүрген жігіттердің жұмысына жаңа серпін сыйлаған тәрізді. Телефон арқылы тілдескенімізде даусы көңілді шыққанымен, қайта-қайта әріптестеріне нұсқау айтумен болды.

«Президенттің назары ауғанға дейін де осылай қарбалас жұмыс істейтінбіз. Дегенмен, сол ақпарат тарағаннан бері жан-жақтан хабарласқан адамдар көбейіп кетті. Бұл нарықта жүргенімізге бірнеше жыл болды. Мемлекет басшысына дейін әнші Мейрамбек Беспаев, спортшы Қуат Хамит, министрлер мен депутаттар, блогерлер біздің өнімдерді алып тұратын. Депутаттар мен министрлердің арасында тұрақты тапсырыс беріп тұратындары бар. Бір жағынан өнімнің сапасын ұнатса, екінші жағынан қазақтың қарапайым жігіттеріне қолдау білдіргені деп ойлаймын», - дейді Дәурен Раманқұл.

«Айқындағы» сұхбаттан кейін жігіттерге ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарласып, Президент пен өзіне, тағы әкі әріптесіне 4 жұп аяқ киімге тапсырыс берген екен.

«Біз тек ер адамдардың аяқ киімін тігеміз. Өйткені, солай ыңғайлы. Өзі ер адамға арналса, өзі классикалық болса, дизайнды құбылтып жатуға қажеттілік жоқ. Нақты патенттеп алған дизайндар жоқ. Оның қажеті де шамалы. Әйел адамдарға арнап тігу үшін таңдау ауқымы кең болуы керек. Түрлі модельдер болуы шарт. Ер адамдар үшін бір маусымда 10-15 модель жарап тұр. Сондықтан, о баста осы бағытты таңдадық», - дейді Дәурен Раманқұл.

Іскер жігіттер о баста етік тігеміз деп ойламапты.

«Бірлесіп жинаған ақшаға әуелі бір рет қолданылатын ыдыс-аяқ шығармақ болдық. Одан кейін шұлық өндіреміз деп Өзбекстанды аралап шықтық. Ақыры аяқ киімге тоқтадық. Өйткені, нарықта сұраныс бар екенін көрдік. Біздікі тұтас өндіріс болғандықтан, Президентке арнап жеке дизайн ойластырып, арнайы материал іздеген жоқпыз. Қарапайым елге ұсынып жүрген өнімдерімізді ұсындық. Ол кісіге де ұнаған сияқты. Жалпы, біздегі аяқ киімдердің ең қымбаты 30 мың теңгеден аспайды. Ал сапасы түркиялық өнімдерден еш кем емес. О баста алдымызға сондай мақсат қойғанбыз. Сапасы импорттық аяқ киімнен кем емес, бағасы арзан болуы керек еді», - дейді кәсіпкер.

Жігіттердің алғашқы өнімі әлеуметтік желі арқылы сатылған екен.

«Осы фабриканы іске қосқанда Facebook-ке сүйіншілеп жаздық. Соны бір ағамыз көріп, алғашқы өнімімізді сатып алды. Алғашқы клиенттің атын есте сақтамаппын да. Сол күні бес жұп аяқ киім сатқанымыз есімде қалыпты. Кейін өндіріс көлемін ұлғайта отырып, мыңға жеткіздік. Басқа өңірлерді қойып, өзіміздің Алматыға жетпей жатыр. Өндіріс аясын кеңейту үшін қомақты инвестиция қажет. Қазір ойлап отырсам, саудамыздың сәтті басталуына интернет түрткі болған екен. Қарапайым заттар саудасына дәстүрлі жарнамадан қарағанда осы интернет тиімді», - дейді ол.

(Жоғарыдағы суретте - Президент сатып алған аяқ киім)

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев отандық өндірушіден аяқ киім сатып алған болатын. Бұл туралы ҚР Президенті өзінің Тwitter парақшасында жазды.

«Айқын» қарапайым еңбек адамдарын үнемі насихаттайды. Жақында етік тігетін жас кәсіпкер туралы жақсы сұхбат жарияланды. Отандық өнімді қолдау мақсатында мен де бір аяқ киімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақты кәсіппен айналысуға деген көзқарас орнығуы тиіс»,-деп жазды Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар