Президентке басым емес бюджеттік шығыстарды қысқарту барысы баяндалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа басым емес бюджеттік шығыстарды қысқарту жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы баяндалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа басым емес бюджеттік шығыстарды қысқарту жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы баяндауымыз қажет. Республикалық бюджет бойынша шығыстар нақтылау кезінде қайта бөлінеді немесе оларды оңтайландыру бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары бойынша әкімдіктер бюджеттердің тиісті деңгейлеріндегі мәслихаттар арқылы осы шығыстарды қысқарту жөнінде шешім қабылдауы қажет.

«Ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары Директорлар кеңестері мен басқарма отырыстарының аясында ұсынылған шығыстарды қысқарту жөнінде тиісті корпоративтік шешімдер қабылдауы керек. Қаржы министрлігі, әкімдіктер, ұлттық холдингтер Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын бақылауға алуы тиіс»,- деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор шығыстарын 128,6 млрд теңгеге қысқартатындығын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар