Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Президентке «Алпамыс батыр» жырын оқып берген алматылық оқушы сәулетші болғысы келеді

2022 жылғы 1 маусым 19:37

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президентіне «Алпамыс батыр» жырынан үзінді оқып берген №187 мектептің 11-сынып оқушысы Михаил Шут ҚазАқпарат тілшісіне болашақта танымал сәулетші болғысы келетінін айтты.

Михаил бірінші сыныптан бастап қазақ сыныбында оқиды.

«Мен мектепке емтиханға дайындалуға келгенмін. Сол кезде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен мұғалімдер «Миша жарайсың, сен «Кітаптар қазынасы» байқауынан өттің. Енді мемлекет басшысының алдында сөз сөйлейсің» деді. Алғашында түсінбедім, әзіл шығар деп ойладым, бірақ кейін барлық ұстаздар менімен олай қалжыңдамайтынын түсіндім. Содан кейін дайындала бастадым. Жетінші сыныпта «Алпамыс батыр» жырын жаттағам, біраз ұмытып қалыппын. Сондықтан қайталап, дайындалдым», - дейді Михаил Шут.

Оның көркем әдебиетке деген қызығушылығы жетінші сыныпта оянған. Қазір мектеп бітіріп жатыр. Болашақта танымал сәулетші болып, Қазақстанның атын әлемге паш етуді армандайды.

«Қазақ әдебиеті сабағы менің ең жақсы көретін пәндерімнің бірі. Маған Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Абайдың шығармашылығы ұнайды. Бірақ, жаныма жақыны — сәулет өнері. Анам менің сурет салуға және сызуға қабілетті екенімді айтты. Расында солай. Мен журналистикаға барамын деп ойладым, бірақ бірінші ұлттық бірыңғай тестіні тапсырғаннан кейін оның қиын екенін түсіндім. Қажетті 35 ұпайдың тек 26-сын ғана жинай алдым. Қазір алдағы ҰБТ-ға қызу дайындалып жатырмын», - дейді алматылық оқушы.

Михаил Шут достарының басым бөлігі қазақ екенін атап өтті.

«Мен қазақы ортада өстім. Балабақшаға да қазақ тобына бардым. Қазақ тілі - күрделі тіл. Бірақ, мен үйрендім. Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге көбірек сол тілде сөйлеуге кеңес беремін. Бұл көп көмектеседі», - дейді ол.

Анасы Елена Шутова — №187 мектепте бастауыш сынып мұғалімі.

Оның айтуынша, Михаил салмақты, сабырлы, футболды жақсы көреді.

«Балам 4-сыныптан бастап қалалық, республикалық байқауларға, мүшайраларға қатысып келеді. 7-сыныпта қазақ тілінде поэма жаттап, әдеби байқаудан диплом алды. Өлеңді тез жаттап алады. Оның бүгін Мемлекет басшысының алдында қалай өлең оқығанын көрдім. Мен ұлымды жақсы көремін және оны мақтан тұтамын», – дейді Елена Шутова.

Айта кетейік, бүгін «Алматы БалаFEST» қалалық балалар фестивалінде №187 мектептің 11-сынып оқушысы Михаил Шут «Алпамыс батыр» жырынан үзінді оқыды.


Автор:

Алма Мұқанова

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары