Президентке Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғырту бағдарламасы таныстырылды
2022 жылғы 18 мамыр 17:00

Президентке Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғырту бағдарламасы таныстырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының қабылдауында болған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Президентке Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғырту бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Ерболат Досаев Мемлекет басшысына Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелері туралы баяндады.

Президенттің қалада құрылыстың тығыз болуына жол бермеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы да айтылды.

Сонымен қатар, Президентке Алматының 2030 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын басымдықтар ұсынылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, маусым аралығында ерте пісетін көкөністер жеткізілмек және тұрақтандыру қоры 11-ден 15 млрд теңгеге дейін көбейген.

Мемлекет басшысына қаңтар оқиғасынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеу жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды. Бүгінге дейін құны 13,9 млрд теңге болатын 1 556 өтініш мақұлданған. Зардап шеккен ШОБ субъектілерінің 97 пайызы қаңтар оқиғасынан кейін жұмысына қайта кіріскен.

Сондай-ақ, Алматы қаласының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы экономикалық жағдайы туралы есеп берілді. Осы кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6 пайызға дейін көтерілді. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі 21,3 пайызға жеткен. Қаңтар оқиғасынан кейінгі қала экономикасының өсу қарқыны екінші жартыжылдықтың басында толық қалпына келеді деп болжанып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT