Президент: Жылыту маусымының штаттық режимде өтуі – барлық әкімнің тікелей жауапкершілігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылыту маусымының штаттық режимде өтуі – барлық әкімнің тікелей жауапкершілігі. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коммуналдық желілердің жай-күйі – жылдар бойы қордаланып, қате тарифтік саясаттың салдары болған жүйелік мәселе. Жалпы, тарифтерді ұстап тұру мен инфрақұрылымға инвестициялау қажеттілігі арасындағы тепе-теңдікті табу керек. Бұл – негізгі қағида», - деді Мемлекет басшысы Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуі барысында.

Қазақстан Президенті инвестициялық төлемдер тек осы мақсаттарға жұмсалуы керектігін және оның меншік иелері үшін негізсіз пайда көзіне айналмауы тиістігін баса айтты.

«Жолдауда монополиялық нарықтардағы «инвестиция орнына тариф» жаңа тарифтік саясатына көшуді тапсырдым. Үкіметтен осы бағытта нақты нәтижелер күтемін. Қазір алдағы жылыту маусымының штаттық режимде өтуі басты мәселе, бұл – барлық өңір әкімдерінің тікелей жауапкершілігі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар