Президент жұмыссыздық мәселесін қозғады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыссыздық мәселесін қозғады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. Табыс табудың жолдары көп. Тетігін тауып, алып кетсе, ақша жасауға болады.

«Мысалы, қыз балаларға ылғи емес, бірақ бір апта баласын бақса, жалақы төлейді. Үйін жинап берсең де, жалақы төлейді. Ауласына қарасаң, жалақы төлейді. «Ол менің жұмысым емес» деп жүрген дұрыс емес. Менің жұмысым емес десең, мамандық ал онда, қазір мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Мектепті бітіргеннен кейін мамандығың болмаса, тегін бірінші мамандықты алуға болады. Келеді, оқиды, мамандық алады, жұмысқа тұрғызады. Одан артық не керек? Біз қыздарымыз бен ұлдарымызды еңбекке баулымасақ, ел жұмыс істемесе, салықты төлемесе, мемлекет қаражатты қайдан табады?», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, Ақордада өткен кездесуде Н.Назарбаев барша аналар мен қыз-келіншектерді 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

«Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келетін болған. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әруақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек, толқымайтын көңіл болмайды», - дейді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға көмек беру мәселесін қозғады.

Соңғы жаңалықтар