Президент Жұмағалиев пен Атамқұловты жаңа қызметке тағайындаудың себебін түсіндірді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Асқар Жұмағалиев пен Бейбіт Атамқұловтың жаңа қызметке тағайындалуының себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен бұл шаруаны баяғыда іске асыруды ойластырған едім. Себебі, Сыртқы істер министрлігін таза саяси ұйым деп ойлайды. Бірақ, біз Ресей де, Қытай да, Америка да емеспіз. Бізде қайдағы жаһандық шаруалар болуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда Американың елшілігі өз елінің компанияларының мүдделерін қалай алға жылжытып жатқанын көріп отырсыздар. Бір жағдай туындай қалса бірден бізге келеді. Ал бізде ондай жоқ. Керісінше, индустрия, ауыл шаруашылығы министрлігі болсын, біз әр министрліктен елшілікке кеңесші тағайындадық. Ақырында, олардың не істеп жатқанын ешкім білмейді. Әр министрлік өз өкілін жіберуде. Міне, сондықтан, Сыртқы істер министрлігімен сыртқы экономикалық байланыстарды реттеу мәселесі алдымызда баяғыдан тұрған еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, инвестиция мен экспортқа қатысты мәселелерді СІМ қызметкерлері реттеуі керек.

«Оларға бұл жұмыс ыңғайлы. Олар тілдер мен елдерді біледі. Штаттардың бәрін де соларға беруді жөн санадық. 500 адамға дейін сандалып, не істерін білмей жүргенше, бір органның осы шаруаны бақылағаны дұрыс. Сол себепті, министрліктің профиліне аздап өзгеріс енгіздік. Осы экономиканы білетін адам керек болғандықтан, мамандығы металлург, Малайзияда елші, Еуропада консул болған, жан-жақты тарапты, экономиканы жақсы білетін министр Атамқұловты тағайындадық. Яғни, бұрынғы министр басқа жұмысқа ауысып жатыр. Осыған байланысты Асқар Жұмағалиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болды. Ол бұрын ғарыш саласында істеген. Оның әскери білімі бар. Сәйкесінше, вице-пермьер ретінде қорғаныс өнеркәсібі мен ғарыш саласында еңбек ететін болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы жыл қорытындысы бойынша еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескенін хабарлаған болатынбыз.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде болған маңызды оқиғаларды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Сұхбаттың телевизиялық нұсқасы 2018 жылғы 28 желтоқсанда республикалық телеарналардан көрсетіледі.

Айта кетсек, кеше ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұжымына ведомствоның жаңа басшысын таныстырған еді. Бұл лауазымды қызметке Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов келді.

Ал Бейбіт Атамқұлов басқарған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев басшылық ететін болды.

Соңғы жаңалықтар