Президент Жолдауының ел дамуына жаңа серпін беретіні анық - Аида Балаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Egemen Qazaqstan» газеті ғимаратында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын талқылау мақсатында зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«11 бағыттан тұратын жолдаудағы ең басты бағыт, ол елдің әл-ауқатын жақсарту. Президент Жолдауының ел дамуына жаңа серпін беретіні анық. Жолдау аясында ұйымдастырылатын шаралардың барлығы да қарапайым халықтың ертеңі үшін. Сондай-ақ, Президент өз Жолдауында Абай атамыздың кезінде айтып кеткен даналық сөздерін бүгінгі заманмен байланыстырды. Яғни адамдардың бойындағы теріс әдеттер туралы. Оның ішінде ысырапшылдық, дарақылық, жауапсыздық, салмағы жоқ салт пен дәстүр. Бұл теріс қылықтардың барлығынан біз толықтай арыла қойған жоқпыз», - деді А. Балаева отырыста.

Министрдің айтуынша, халықтың сана сезімін жаңғыртып, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз керек.

«Сондықтанда Мемлекет басшысы айтып өткен жаңа қасиеттердің барлығын әрбір қазақстандық азаматтың өз бойына сіңіре білгені жөн. Жолдауды іске асыруда көптеген міндет күтіп тұр. Осы мақсатта бүгін ағарту өкілдерімен кездесіп, жұмысты қалай ұйымдастырамыз, қандай іс-шаралар қолданамыз және ақпарат жұмыстарының мазмұнын қалай өзгертеміз деген сұрақтарға жауап іздеп, талқыға салуды жөн санадық», - деді ол.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге еліміздің зиялы қауым өкілдерінен бөлек, БАҚ-ның басшылары мен өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар