Президент Жолдауы уақыт талабынан үлкен саяси оқиға - саясаттанушы Ерлан Қарин

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президент Жолдауы заманауи талаптардан туындаған үлкен саяси оқиға. Маңызды саяси құжат мемлекеттің стратегиялық даму бағдарының негізгі басымдықтарын көрсетеді. Осындай ойымен Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Ерлан Қарин бөлісті.

«Президент Жолдауы көптеген елдердің тәжірибесінде қолданылады. Әдетте мемлекет басшылары үндеу мен жолдауында сол елдің ішкі сыртқы саяси бағыттары бойынша ақпарат береді. Көп жағдайда мемлекет басшылары жолдауды парламентте, конгресте жариялайды. Бізде Президент Жолдауы өзгеше, саяси дәстүрге айналған. Ол формалды құжат, рәсім емес. Бұл - стратегиялық маңызы бар саяси құжат. Президент Жолдауы Үкіметтің, биліктің, мемлекеттің іс-қимылының нақты жоспарын айқындайды», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі әлемдік геосаяси ахуал экономикалық саясатты түбегейлі өзгертуді талап етеді.

«Бұл уақыт, Президент айтқандай, өте қиын сәт. Әлемде қазір күрделі геосаяси процестер жүріп жатыр. Айталық, 2012-2013 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бір жылда 100-160 рет жиналған болса, биылғы тоғыз айда 200-ден аса рет бас қосты. 2000 жылдардың басында әлемде 500-600 теракті жасалған еді, соңғы жылдары терактілердің саны 10 мыңнан асып кетті. Бұл халықаралық аренада шиеленісті жағдайдың туындағанын көрсетіп отыр», - деді саясаттанушы.

Әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделене түскенін әскери шығындардың артқаны білдіреді. Биылғы жылы әлемнің жекелеген елдері әскери салаға 1 трлн доллардан аса ақша салған. Мұндай жағдай оптимизмнен еш хабар бермейді.

Сарапшы әлемдегі экономикалық ахуалға да аса оң болжам жасалмай отырғанын айтты.

«Экономикалық жағдай да күрделі. Санкциялық соғыс жүріп жатыр. Ол әлемнің экономикасына кері әсерін тигізуде. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, әлемдік экономика 2008-2009 жылдардағыдан да баяу қалпына келіп жатыр», - деді ол.

Оның айтуынша, дамыған мемлекеттер дағдарыстың салқынын қатты сезіне бастады. Италияда жұмыссыздық көлемі 17 пайызға жеткен. Бұл - соңғы 7 жылдағы рекордты көрсеткіш. Испанияда 25 пайызға жетсе, Египетте - одан да көп. Екі қолға бір күрек іздеп жүргендердің басым көпшілігі жастар екендігі де көңілге үміт ұялата қоймасы анық.

«Халықаралық валюта қорының болжауынша, АҚШ ЖІӨ 2,6-2,1 пайызға төмендемек. Еуроаймақтың ЖІӨ 1,2-0,8 пайызға төмендейді. Олардың бір көрінісі мұнайға бағаның төмендеуінен байқалып отыр. Шикізатқа сұраныс азайды. Қаңтардан тамызға дейін мұнай бағасы барреліне 100 доллар болып келген еді. 5 қыркүйектен баға құлдырап келеді. Бұл бізден экономикалық саясатты қайта қарауымызды талап етеді», - деді Е.Қарин.

Биылғы Жолдау осы аталған жаһандық сын қатерлерге берілген жауап десек те болады, дейді сарапшы.

«Құжатта көрсетілген міндеттер келешек іс-әрекетімізге үлкен бағыт-бағдар береді. Жолдауда индустриалды инфрақұрылымды, энергетикалық инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, баспана саясатының дамуы, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту, ШОБ-ты қолдау бойынша 7 жаңа бастама көтерілген. Алайда, олардың ең маңыздысы көліктің инфрақұрылымын дамыту болып отырғаны аян. Қазақстан өзінің мол транзиттік потенциалын пайдалануы керек», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар