Президент Жолдауы: Шаруалар ет экспортының әлеуетін арттыруға үлес қосады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан дәл бір ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің алғашқы жолдауын жариялап, онда тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін айтқан еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік беретінін де еске салып, өз өнімін экспортқа шығаратын шаруаларға мемлекеттік қолдаудың тиімділігін барынша арттыру қажеттігін алға тартты. Әлбетте бұл ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысты тапсырма екені анық. Ауыл шаруашылық өнімдерін, соның ішінде ет экспортын ұлғайту жөнінде межелі міндеттер бар.

Мамандар бұл үшін ең алдымен елдегі етті бағыттағы малдың саны мен сапасын арттыру қажеттігін алға тартады. Ал осы бағытта не атқарылып жатыр? Мәселен, етті мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға» бағдарламасы қалай жүзеге асуда? Осы бағытта атқарылған жұмыстардың өңірдегі нақты мысалын қарастырған едік.

Жалпы «Сыбаға» бағдарламасының мақсаты – мемлекет және қаржы институттары тарапынан шаруаларға кешенді түрде қолдау шаралары арқылы саланың экспорттық әлеуетін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру. Бұл ретте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» бағдарлама бойынша етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейтуге несие береді. Осы тетік арқылы малдың саны мен сапасын және ет экспортының әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол. Ол үшін шаруаларға барынша жеңілдіктер де қарастырылған.

Республикадағы малға жайлы, жайылымдық жері мол Қарағанды облысында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, асыл тұқымды ірі қараның санын арттырып отырған шаруашылықтар баршылық. Солардың бірі Абай ауданына қарасты Дубовский ауылдық округінің Алабас қыстағындағы «Ержанова К.Р.» шаруа қожалығының басшысы Алтай Әбішев 2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, оған асыл тұқымды ірі қара мен мал азығын сатып алған. Қолдағы малының сапасы мен санын арттыру үшін сырттан асыл тұқымды ірі қара әкелген шаруа елдегі ет экспортының әлеуетіне үлес қоспақ.

«Былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағандыдағы филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 млн теңге несие алдым. Бұл қаржыға Ресейден «Ангус» тұқымды 104 бас ірі қара сатып алып келгенбіз және қаржымыз мал азығына да жетті. Жалпы, малымыздың реті жақсы. Сарыарқаның климатына аса бейімдеудің қажеті жоқ. Суыққа төзімді, тез салмақ жинайды. Ең бастысы уақытында ветеринарлық іс-шараларын жүргізіп, бақылап отырса болғаны. Қазіргі уақытта он адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығымызды кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің ет экспортына үлес қоссақ дейміз. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры әсіресе сапалы мал басын арттыруға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Асыл тұқымды мал санын көбейту арқылы сапалы ет өндіруге жол ашылады. Біздің де ұстанымымыз осы. Мал азығын дайындайтын техникаларымыз бен құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті. Шөпті өзіміз шауып аламыз. Жемді сатып алып, түрлі рациондарын қосып дайындайтын арнайы құрылғыларымыз бар. Жалпы, жұмыс істеймін деген адамға бүгінгі күні барлық жағдай жасалған. Тек еңбек ету керек», - дейді шаруашылық басшысы Алтай Әбішев.

Ал, Шет ауданының Бұғылы-Тағылы тауының етегінде орналасқан Дәрия ауылындағы «Салауат» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Сопыжанов та былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, асыл тұқымды ірі қара мен мал азығын дайындайтын техникалар сатып алған. Мемлекет беретін субсидиядан да үлесін алып, үлкен іске білек сыбана кіріскен. Жұмысын жолға қойған шаруа атакәсіптің арқасында ауқатты тұрады. Тіпті мал бағудың заманауи әдістерін қолданатын шаруа жайылымдық жерін де тиімді игеріп отыр. Ол үшін арнайы «электронды жайылым» қондырғысын орнатып қойған.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 млн теңге несие рәсімдеп, оған Ресейден «Герефорд» тұқымды 69 бас сиыр сатып алып келдім. Қордың біз сияқты шаруаларға көрсетіп отырған қолдауы үлкен. Несие шарттары көңілімізден шығады. Екі жыл жеңілдік мерзімі бар. Бұл бізге үлкен жеңілдік. Өйткені, малымызды төлдетіп, шаруашылығымыздың әлеуетін көтеріп алғанша несие төлемейміз. Бүгінгі таңда бес адамды тұрықты жұмыспен қамтып отырмын. Мал азығын дайындайтын техникаларымыз бар. Жайылымдық жеріміз малға жайлы. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тағы несие алып, мал әкелу жоспарымда бар. Ал, мал бағудың тиімді тәсілдерін де қолдана білу керек. Осы арқылы жайылымдық жерді үнемдеуге болады. Мысалы мен «Электронды жайылым» қондырғысын сатып алдым. Қазір оның рахатын көріп отырмын. Түсіндіре кететін болсам, малдың жайылымын қоршап қоямыз. Ол үшін көп дүние керек те емес. Әр жерден қада қағып, тоқ жүретін электронды сымын тартып тастаймыз. Одан мал шыға алмайды. Басында 50 гектар жерді қоршағанбыз. Қазір 200 гектарға жеткіздік. Бағасы да қымбат емес. Іштен сыртқа мал шыға алмайды, тіпті сыртынан ит-құс та кіре алмайды», - дейді Жақсылық Сопыжанов.

Тұтастай алғанда бағдарлама өңірдегі мал басын өсіруге серпін берген. Нақтылай көрсеткішке келсек, Қарағанды облысы Шет ауданының Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбековтің сөзіне қарағанда, мал саны жылдағыға қарағанда 28 процентке өскен екен. Мұндай өсімге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан берілетін несие шарттарының жеңілдігі мен проценттік үстемесінің төмендігі айтарлықтай сеп болып отыр дейді.

«Шетелден 1 300 бас ірі қара әкелуді биылға жоспарлағанбыз. Бүгінгі таңда 27 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал әкеліп үлгерді, жыл соңына дейін тағы 7-8 қожалық қорасын малға толтырмақ. Малдың бәрі қазір біздің жерге бейімделуден өтіп жатыр. Аудан бойынша 5 600-ден астам еркек тайыншаларды бордақылау алаңдарына тапсыру жоспарланған болса, бүгінгі таңда 2 мыңнан астамы тапсырылды. Экспортқа 220 тонна ет шығарамыз. Шаруаларға берілетін субсидия мәселесі толық шешілген деп айта аламын. Субсидия қаржысы түсе қалса алуға дайын қожалықтар кезекте тұр. Осы тұста айта кетейін, көптеген кәсіпкер азаматтардың агросекторға ерекше мән беріп жатқанын байқауға болады. Жаңадан шаруа қожалықтарын ашатындардың саны жыл сайын артып келеді. Жер бар. Жер алудың өз тәртібі тағы бар. Арнайы конкурс болады, соған азаматтар қатысып, өзіне керек ыңғайлы жерлерін ала алады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры да жер алып, мал шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтардың көбеюіне мүмкіндік беріп отыр. Несие шарттары ыңғайлы, пайыздық үстемесі төмен, шаруалардың аяқтан тұрып кетулеріне мүмкіндік ретінде екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Осыдан-ақ, Үкімет ауыл шаруашылығына айрықша мән беріп отырғанын аңғаруға болады», - дейді Б.Арыстанбеков.

Айта кету керек, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алатындарға азғантай талап бар. Жұрт оны да ескере жүргені абзал. Алған несиеге мал, техника және мал азығы сатып алынуы тиіс. Ең бастысы шаруаның несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Мал ұстайтын қора-жайы, талапқа сай жайылымдық жері болуы керек. Сонымен қатар, еркек тайыншаларды өткізетін бордақылау алаңдарымен келісімшарты болуы қажет. Егер, кепілдік жетіспеген жағдайда сатып алынатын мүлікті кепілдікке қою мүмкіндігі қарастырылған.

Тұтастай алғанда, осындай бағдарламаның тиімділігі Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар үдесінен шығуға септігін тигізіп, еліміздің ет экспортына бағдарланған әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар