Президент Жолдауы: Қостанайлық жас кәсіпкердің бизнесі екі есе ұлғайды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайлық жас кәсіпкер Рымбек Өмірзақов шағын бизнес ашып, мемлекеттің қолдауын көріп отыр. Ол ҚазАқпарат тілшісіне шағын кәсібін қалай бастағанын және оның қоғам үшін маңыздылығы туралы айтып берді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жылға босату үшін Үкіметке заңнамалық база әзірлеуді тапсырған болатын. Осының арқасында кәсіпкерлердің жұмысы біршама жеңілдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Солардың бірі – қостанайлық жас кәсіпкер Рымбек Өмірзақов. Оның сөзінше, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.

«Ел Президенті өз Жолдауында кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдарын айтты. Шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдау керектігін түсіндірді. Мамандығым – геолог-геофизик. 2017 жылы қала шетіндегі баубақша бірлестігінен жер алып, үй салдық. Жаз бойы мамандығыммен жұмыс істеп, қыс түсе басқа шаруалармен айналысатынмын. Әуелден отбасылық кəсіп бастауды ойлап жүргенмін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын бизнесті дамыту туралы тапсырмасынан соң кәсіп ашуға бекіндім», - дейді Рымбек Өмірзақов.

Осылайша, жас кәсіпкер 100 мың теңгеге құм және қож блогын шығаратын станок сатып алды. Бірте-бірте жұмысы өне бастаған соң, пайда табу тетіктерін қарастырды. Рымбектің кәсіп ашуына жұбайы Күнжанның да үлесі зор.

«Бірде Instagram əлеуметтік желісінен қазақстандық блогер, экономист Дəулет Мұқаевтың жазбасынан «Атамекен» кəсіпкерлер палатасы арқылы оқу курсы жүргізіліп жатқанын білдім. Жұбайыммен ақылдаса келе, аталмыш орталыққа барып, мамандармен жолықтым. Мұнда маған үздік бизнес-жобаға 505000 теңгелік грант алуға болатынын айтты. Əрине, 6 айлық сәбиімді үйге қалдырып, оқу басында жүру сəл қиындау болды. Сол қиындықтың артында үлкен жеміс тұрғанын ойлау да бақыт. Бес жыл бала тəрбиесімен үйде отырған маған «Атамекен» қанат бітірді. Екі апталық курстан үлкен мотивация ғана емес, қаржылық, кəсіпкерлік білім де алдым. Мықты бизнес-жаттықтырушы Қанат Серікбайұлы жан-жақты мүмкіндіктерімізді көрсетті. Мамандығы əртүлі бірнеше жастың басын қосты», - дейді Күнжан Өмірзақова.

Рымбек Өмірзақов енді кәсібін кеңейтуге бел буды. Екі формалық станокпен күніне 50-60 кірпіш жасап, бетонды қолмен араластырып жүрген ол, Президенттің тапсырмасына аса қуанған.

«Әуелі жеке кəсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі туды. Көзімнің жеткені – қазір еңбек етемін деген жандарға мемлекеттен қолдау өте көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін қайта құру қажеттігін айтты. Бұл да қосымша серпін берді. Енді бизнес-жобамыз арқылы күніне 60 емес 600 кірпіш жасайтын станок сатып алуға ниеттімін. Грант қаржысы қолға тиген соң бірден жұмысқа кірісемін», - деп түсіндірді жас кәсіпкер.

Соңғы жаңалықтар