Президент Жолдаулары: Қандай тапсырмалар жүктелді, не орындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына кезекті Жолдауын жариялайтын болады. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент лауазымына кіріскеннен бергі 5-ші Жолдауы болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жария етті. Жолдауда азаматтық қоғамды дамыту, ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы қатаңдату, әкімшілік юстицияны енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару, тауарлар мен қызметтердің құнын төмендету, бәсекелестікті дамыту, әлеуметтік саясатты оңалту, білім беру сапасын арттыру, қазақстандықтардың өз зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік беру сынды мәселелер көтерілді. Ал бұл барлық бағыттың іске асырылуын нормативтік қамтамасыз ету үшін Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс, 17 заң, Президенттің 4 Жарлығы мен Үкіметтің 16 қаулысы әзірленіп, қабылданды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып Үкімет жаңа мемлекеттік бағдарламаларды бекітіп, қолданыстағы Индустриалдық-инновациялық дамыту, «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, білім және ғылымды дамыту, «Нұрлы жер» сынды мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Президенттің екінші Жолдауы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталды. Онда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін әзірлеу, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру, көлік-логистика кешенін дамыту, ақша-несие саясатының ынталандырушылық рөлін күшейту, елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту, ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануына рұқсат беру, экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту, білім, ғылым саласын дамыту, оның ішінде ұстаздардың жалақысын көтеру денсаулық сақтау мәселелері қамтылды. Үкімет Жолдаудағы осы және өзге де тапсырмаларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шаралар қабылдады.

Атап айтқанда, Қазақстан азаматтарына зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға рұқсат берілді. Нәтижесінде 1,7 миллионнан астам ел азаматы зейнетақы жинақтарын ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу, ипотекасыз тұрғын үй сатып алу, «Отбасы банкте» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу, ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу, сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу, жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда), ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру, зейнетақы жинақтарын туысына беру, емделу мақсатында шешіп алу мүмкіндігіне ие болды.

2021 жылдың 1 қаңтарында мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтерілді. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да көтерілетін болады. Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуі қамтамасыз етілді. «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлінді. Медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард төңге бөлініп, заманауи ауруханалар салу қолға алынды. «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері біріктірілді. «Бәйтерек» холдингінің құрамына бұрынғы «ҚазАгроның» үш еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кірді.

2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды. Осы жылдың 1 маусымдағы деректерге сәйкес ЭКҰ арқылы 1307 отбасында көптен күткен 1560 бала дүниеге келді. Бағдарлама 2025 жылға дейін жалғасады.

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Президенттің үшінші Жолдауы 2021 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланды. Бұл Жолдауда да білім, ғылым, денсаулық, экология, экономика, азаматтардың әл-ауқаты сынды мәселелер көтеріліп, нақты 5 бастама жасалды.

Бірінші бастама ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарауға қатысты болды. Нәтижесінде, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін көбейтілду. Оған дейін 42 500 теңге болған еді. Бұл шара елдегі шамамен 1,7 млн қазақстандықтың табысын ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Екінші бастама жалдамалы жұмысшылардың жалақысын көтеруді көздейді. Бұл бағытта бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға ынталандырудың шаралар кешені әзірленді.

Келесі бастама еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажеттігіне қатысты. Осы жұмыс аясында микро және шағын кәсіпкерлік үшін жүктемені 34-тен 25%-ға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу, реттелетін сатып алуға қатысу жөніндегі талаптардың өзгеруі, сондай-ақ жалақыны өсіретін кәсіпорындарды мемлекет тарапынан қолдау көзделген. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауға тиіс.

Төртінші бастама аясында мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері сынды бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтарының жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіру қарастырылған.

Бесінші бастама зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беруді көздейді. Президент бастамасының арқасында 1,7 миллионнан астам азамат 3,4 трлн теңге зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдаланды. 1,3 млн-нан астам қазақстандық оларды тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағыттады. 172 мыңнан астам адам 270 млрд теңгеге депозит толықтырып, кейіннен ипотекалық тұрғын үй қарыздарын рәсімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты 4-ші жолдауын осы жылдың 16 наурызында жариялады. Жолдаудың Қазақстан үшін тарихи маңызы елдің әкімшілік құрылымының ішінара өзгеруі болды. Атап айтқанда, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Абай (әкімшілік орталығы – Семей қаласы), Ұлытау облыстарын (әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы) құру, сондай-ақ Алматы облысын Жетісу (әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы) және Алматы облыстарына (әкімшілік орталығы – Қонаев қаласы) бөлу жөнінде шаралар қабылдады. Қапшағай қаласының атауы халықтың қалауымен Қонаев деп өзгертілді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай болып қайта құрылды. Оның алғашқы отырысы 16 маусымда Ұлытау төрінде өтті.

Облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығы енгізілді. Яғни әкімдер жанама негізде сайлана бастады.

Жолдауда көтерілген ең маңызды мәселелердің бірі ауқымды саяси реформаларға қатысты болды. Дәл осы реформадан туындайтын жайттар жалпыұлттық референдумға түрткі болды. Референдум 5 маусымда өтіп, Қазақстан халқы еліміздің Ата заңының 33 бабына бірнеше ондаған түзетулер мен толықтыруларды қолдады. Нәтижесінде жаңарған Конституцияда Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынды. Өлім жазасына тыйым салу туралы шешім біржола бекітілді.


Фото: akorda.kz




Соңғы жаңалықтар