Президент: Жедел жәрдем қызметін көлікпен қамтуды 3 жылда шешу керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылдың соңына дейін әкімдер ең бірінші кезекте аудандық ауруханалар мен емханаларды қажетті медициналық құрылғылармен қамту мәселесін шешуі керек. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау саласында инфрақұрылымды дамытып, медициналық қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары жалғасып келеді. Өмір сапасы мен бала туу көрсеткіші жоғарылады. 16 миллион электронды паспорт жасалды. Жедел жәрдем қызметінің жұмысы жаңғырды. Дәрі-дәрмек бағасын реттейтін заңға қол қойылды. Мен осы жұмыстар үшін Денсаулық сақтау министрін мақтаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Десе де, Мемлекет басшысы халықты әлі күнге дейін көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы, әсіресе өңірлердегі қызмет сапасы алаңдататынын атап өтті.

«Жеке ауылдарда медициналық тексерістің көшпелі пунктерін құруға болады. 3 жыл ішінде жедел жәрдем қызметін автокөліктермен қамту мәселесін шешу керек. Бұл - кейінгі ысыруға келмейтін шаруа. Адамның денсаулығына қатысты жұмыс. Осы үшін Үкімет 27 млрд теңге бөліп, бұл мәселені біржола шешуі керек. Біз адамдарды емдеу үшін пойыздарды жіберуші едік қой. Соны неге тоқтатып қойдық? Бұл шаруа үшін авиацияны да айқындаған едік. 2020 жылдың соңына дейін әкімдер ең бірінші кезекте аудандық ауруханалар мен емханаларды қажетті медициналық құрылғылармен қамту мәселесін шешуі керек», - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұмысты Шығыс Қазақстанда Даниал Ахметов атқарып қойғанын басқаларға үлгі етті.

«Ал басқалар неге осы жұмысты атқара алмайды? Осыны алға жылжыту керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысуда.

Соңғы жаңалықтар