Президент жастар кадр резервіне үміткерлерді іріктеуге қандай өзгеріс енгізілді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Президенттік жастар кадр резервіне үміткерді іріктеуге өзгеріс енгізілді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Дана Жантемірова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дана Жантемірованың айтуынша, биылғы іріктеуге бірқатар өзгеріс енгізілді.

«Іріктеу процесі түзетілді, жаңа кезеңдер енгізілді. Әлеуетті резервшілер саны азайды. Қорытынды бойынша тек 50 кандидат іріктеледі. Резервте болу мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын В1-ден төмен емес сертификат енгізілді. Ауызша сөйлеу қабілетін бағалауға тестілеу дербес іріктеу блогына бөлінген. Бұл одан әрі ең жақсы нәтиже көрсеткен кандидаттардың 50%-ы ғана сандық тестілеу блогына өтуіне мүмкіндік береді. Эссе жазу және жобаны таныстыру кезеңдері ситуациялық есептерді шешу кезеңіне ауыстырылды. Ұсыныс хаттар жойылды», - деді ол.

Спикер мемлекеттік қызмет үшін резерв жасалып жатқанын, әртүрлі салалар мен өндірістерден жас кадрлар өз күшін сынауға академиядан бизнес өкілдеріне дейін шақырылғанын атап өтті.

«Құжат қабылдау кезеңі www.pkrezerv.kz ақпарат алаңында 1-30 қыркүйек аралығында өтеді. Құжаттар электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен тіркеледі. Одан кейін 2 қазаннан бастап 6 қазанға дейін «Қабілеттерді тестілеу» кезеңінде кандидат аудио және видео фиксациясы бар қабілеттерді онлайн тестілеуден өтеді. Оның басты мақсаты - кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмысы арқылы талдамалық қабілеттері мен сыни ойлау деңгейін тексеру», - дейді Дана Жантемірова.

Айта кетейік, елімізде Президент жастар кадр резервіне жаңа іріктеу жүріп жатыр. 1 қыркүйекте басталған іріктеу 30 қыркүйекке дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар