Президент Жарлығымен ТҮРКСОЙ бас хатшысы «Достық» орденімен марапатталды

None
Фото: t.me/Madeniet_zhane_sport_ministrligi
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымның 30 жылдығына орай қатысушы елдер министрлерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім еткендей, Қазақстанға жұмыс сапарымен Өзбекстанның Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан Мәдениет министрлерінің орынбасарлары Сердар Чам, Мурад Гусейнов пен Қайрат Иманалиев келді.


Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында салтанатты концерт өтті. Іс-шара ТҮРКСОЙ бас хатшысы, Қырғызстанның Халық жазушысы Сұлтан Раевты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаудан басталды.


Концерттік бағдарлама аясында сахнада Қазақстан мен ТҮРКСОЙ-дың басқа да елдерінің артистері өнер көрсетті.

Сондай-ақ түркі елдерінің ұлттық киімдерінің тақырыптық фотокөрмесі мен дефилесі өтті. Ал театр ауласында қазақстандық қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылды.

«Қазақстан – ТҮРКСОЙ-дың белсенді қатысушысы. Еліміздің бастамасы бойынша 2023 жыл ұйым деңгейінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Ұлы қайраткердің 125 жылдығына орай ТҮРКСОЙ елдерінде жүзден астам түрлі іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, концерттер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар және кітаптардың тұсаукесерлері осы көктемде Алматыда басталды», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

«Қазақстан Республикасының Президентіне маған көрсеткен құрметі үшін алғыс айтамын. Қазақ жері түркі мәдениеті үшін көптеген маңызды тұлғалардың отаны болды. Жаһанданудың қазіргі дәуірінде туған мәдениетті сақтаудың маңыздылығы бұрынғыдан да өзекті. Сондықтан ТҮРКСОЙ елдерінің барлығы осы ортақ миссия үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады», — деді Сұлтан Раев.

Еске салайық, ауқымды мәдени бағдарлама 7 маусымда басталды. ҚР Орталық мемлекеттік музейінде «Мыңжылдық өркениет тарихы» көрмесі ұйымдастырылды. Келушілердің назарына әйгілі «Алтын адам» және жүзден астам көне жәдігер ұсынылды.

Келесі күні Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Біз біргеміз» атты көрме ашылды. Онда музей қорынан отандық суретшілердің 40 туындысы, сондай-ақ Түркістаннан әкелінген 30 сурет ұсынылды.

Ал ҚР Ұлттық кітапханасында сол күні «Түркі әлемінің бірлігі» атты кітап көрмесі басталды. Онда кітапхана қорынан сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар: Фирдоусидің «Шахнаме» және «Насабнамның» еңбектері, Қожа Ахмет Ясауи, Бақырғани, Әлішер Науаи, Сопы Аллаярдың ежелгі еңбектері, Абайдың алғашқы баспа кітабы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектері, сондай-ақ түркілер тарихы бойынша кітап материалдары, құжаттар ұсынылды ТҮРКСОЙ туралы, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы мерзімді басылымдар, түркі халықтарының музыкалық шығармалары бар винилдік грампластинкалар көпшілікке ұсынылды.

ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерін сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатын көздейтін халықаралық ұйым. 1993 жылы Алматыда құрылған. ТҮРКСОЙ құрамына 6 мемлекет кіреді: Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Өзбекстан.


Соңғы жаңалықтар