Президент Жарлығымен ерлік көрсеткен құтқарушылар мен полицейлер марапатталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Түркістан облысына келген ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президент Жарлығымен марапатталған Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттерінің қызметкерлеріне медальдарды табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шара өңірлік Полиция департаментінің ғимаратында өтті.

Атап айтқанда, «Ерлігі үшін» медалімен Түркістан облыстық ТЖД қызметкерлері - Бақдәулет Әлімқұлов, Құралбек Жұмабаев, Рүстем Сайдахметов, Бағлан Үбайділлаев пен Полиция департаментінің майоры Қанат Рақышев марапатталды. Сондай-ақ полиция подполковнигі Ермек Өсербаев пен полиция лейтенанты Қайрат Әлекешевке Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медальдары табысталды.

Өрт кезінде жедел қимылдап өздерінің қызметтік міндеттерін мінсіз орындаған қызметкерлерді құттықтаған министр Е.Тұрғымбаев: «Біздің ішкі істер органы қатарында өзінің ерлігін көрсетіп, антына адал болып келе жатқан сіздер секілді қызметкерлер барда халықтың ұйқысы тыныш және қауіпсіз болатындығына сенімім мол», - деп атап өтті.

Одан әрі ҚР ІІМ басшысы Түркістан облыстық ТЖД қызметкері азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Әбдуғаппаровтың үйіне барып, оған ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Ол өртті ауыздықтау кезінде ауыр жарақат алып, үйінде емделуде. Министр подполковник Б.Әбдуғаппаровқа және оның отбасына өрт сөндіру және адамдарды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, батырлығы мен жанқиярлығы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Бақытжан Әбдуғаппаров Арыс қаласында азаматтарды құтқару кезінде де өзінің қайсарлығымен ерекше көзге түскен болатын.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде Түркістан қаласындағы ірі қонақүйлердің бірі «Роял Гранд» отқа оранған болатын. Оқиға орнына келген облыстық ТЖД қызметкерлері мен полицейлер жақын маңдағы аумақты қоршауға алып, қонақүйдің қонақтары мен қызметкерлерін дереу эвакуациялауға кіріскен болатын. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 50 адам қауіпсіз жерге шығарылды.

«Сол сәтте, тәртіп сақшысы Қанат Ракишев өз өмірін қауіпке тігіп, отқа оранған ғимараттан шыға алмай қалған Түркия елінің екі профессоры мен 4 жасар бүлдіршінді дін аман алып шыққан еді. Осындай ерлігімен көзге түскен батырымыз бүгінде Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Патрульдік полиция батальонының қызметкері, Отанына деген адалдығымен қалтқысыз қызмет етуде», - деді облыстық Полиция департаментінен.

Бұдан бөлек, министр Полиция департаментінің ғимаратын аралап, полицейлердің қым-қуыт жұмысымен де танысты. Департамент жанынан ашылған халықтық-кеңседе болып, полицейлердің жаңа форматтағы қызметін көріп қайтты.

Соңғы жаңалықтар