Президент жарлығы: Әскери міндеттілердің арнаулы жиыны 10 күннен 3 айға дейін созылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақырудың тәртібін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді. Жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін. Әйтсе де жиынның мерзімін өз қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар өз қаулысымен жиындарды ұйымдастырып, өңірдегі қажеттілік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауына мүмкіндік болады», - деді Нұрлан Ермекбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша жекелеген аймақтардың әкімдері 10 күндік, кейбірі одан да ұзақ әскери жиынды ұйымдастыра алады. Нұрлан Ермекбаев, сонымен қатар, мұндай жиын заң бойынша 3 айға созылуы мүмкін екенін айтып өтті.

«Кейбір аймақта әскери міндеті бар азаматтарды шақырудың мүлде қажеттігі болмайды. Әскери бөлім орналасқан аймақтарда әскери қызметшілердің біршама бөлігі қазірдің өзінде жұмысқа тартылып, бекітілген шаралар бойынша жұмыстарды атқаруда. Әскери қызметшілердің бір бөлігі басқа аймақтарға жөнелтілген. Бәрі де елдің жоғарғы әскери басшылығы мемлекеттің қорғанысқа қабілеттігін де, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын да есепке алып отырғанын түсіну керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлық шығарған еді.

Атап айтқанда қазақстандықтар жекелеген өңірлерде медициналық қызмет, тасқынмен күрес және дезинфекция жұмыстарына шақырылады.



Соңғы жаңалықтар