Президент Жапония Премьер-министрі Фумио Кишидаға көңіл айту жеделхатын жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Премьер-министрі Фумио Кишидаға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэнің қастандық әрекет салдарынан қаза болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

«Әлем жұртшылығы Синдзо Абэні елінің дамуы мен баянды болашағы үшін ұзақ жылдар бойы қажырлы қызмет еткен көрнекті саясаткер, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосқан парасатты көшбасшы деп біледі.

Синдзо Абэнің жарқын бейнесі Қазақстан халқының жадында қазақ-жапон арасындағы достық пен сенімді бекемдей түскен тұлға, сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген мемлекет қайраткері ретінде мәңгі сақталады.

Қазақстан халқының және жеке өз атымнан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, сондай-ақ барша отандастарыңызға қайғыра көңіл айтамын», - делінген жеделхатта.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңертең Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні белгісіз біреу атып кеткен болатын. Арада бірнеше сағат өткенде экс-премьер ауруханада көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар