Президент Жамбыл облысының бұрынғы басшыларының қызметіне сын айтты

None
None
ҚОРДАЙ АУДАНЫ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдауды міндеттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

– Қақтығыс болған жерде ешқашан, ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңдылықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, соның ішінде құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат – тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін ҚР Президенті Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының жұртшылығымен кездескен болатын.

Еске сала кетсек, Қордайдағы оқиғадан кейін Президент бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен алуды тапсырған еді. Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, Қордай ауданының әкімі, Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінен босатылды.

10 ақпанда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өтінішімен қызметінен кетті. Сол күні Бердібек Сапарбаев осы лауазымға тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар