Президент: Заң бұзған судьяға ең қатал жаза қолданылуы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық судьялардың бойында болуы тиіс қасиеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде, қазіргі таңда судьяларды іріктеу тәртібі қатая түскенін тілге тиек етті. Осылайша, судья лауазымына 100 үміткердің бесеуі ғана сыннан сүрінбей өткен. Аталмыш шаралар күрделі істерді қарауда судьялық жұмысқа біліктілігі жоғары заңгерлерді тартуға жол ашқан. Мұндай мамандар үшін тиісті жағдай жасалып, айтарлықтай жоғары ақы төленбек.

«Ант берген судьяларға айтарым, ант дегеніміз - жай ғана сөз емес. Өз іс-әрекеттеріңізде антты басшылыққа алуларыңыз керек. Судьялардың жалақысы мен оларды қамтамасыз ету мәселесі салық төлеушілер қаражаты есебінен шешіледі. Сондықтан, судьялар тиімді жұмыс істеуге тиіс. Заң бұзған судьяға ең қатал жаза қолданылуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті кадрлық мәселелердің бәрін Жоғары Соттан Жоғары Сот Кеңесіне беруді ұйғарды. Судьялардың мансаптық ілгерілеуі қоғам тарапынан бағаланатын кәсіби біліктілігі мен адалдығына ғана байланысты болуға тиіс. Елбасы сот кадрларын сапалы тұрғыда жаңартуға бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды. Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, 2019 жылы 470 судья кәсіби бағалаудан өткізіледі. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот пен Жоғары Сот Кеңесінің басшылығына бұл мәселенің шынайылығын қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жүйесін жаңғырта аламыз. Біздің түпкі мақсатымыз - тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі. Соттар статистикалық әдістермен ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы бағаланатын болады. Сот құрамы судьялардың қаншалықты адал қызмет етіп, сенімге ие болғанына байланысты бағаланатынын түсінуге тиіс. Заңнаманы қатаң сақтауға негізделген шұғыл әрі ашық сот төрелігі қоғамымыздың негізі мүддесі мен еліміздің стратегиялық даму бағытына сай келеді, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сот ісін жүргізуде және электрондық сервистер жұмысында жаңа форматтар енгізуді, сондай-ақ сот ғимараттарында фронт-кеңселер құруды тапсырды. Белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына бақылау жасауды қамтамасыз ету Президент Әкімшілігіне жүктелді. Бұл орайда, сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, сондай-ақ азаматтардың талабын қанағаттандыруға баса мән берілуі керек.

Соңғы жаңалықтар