Президент ұлттық киімді Наурыз мейрамынан тыс күндері де киіп жүруге шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде ғана емес, жиі киіп жүрсе керемет болар еді. Осындай тілегін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ауызашар дастарханында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Хакім Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегенін білесіздер. Ұлы Абайдың бұл сөзі ұлт ұстанымына айналды.

Біз ұлттық мәдениетті дамытуымыз керек. Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде ғана емес, жиі киіп жүрсе керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз.
Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

«Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды.
Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет.
Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді», - деді ҚР Президенті.


Соңғы жаңалықтар