Президент Үкіметке субсидия саласына арналған тегін платформа жасауды тапсырды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке субсидия саласына арналған тегін платформа жасау туралы тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер сбусидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалған жоқ. Қаржының тиімді мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде.

Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық істі тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған», - деді Мемлекет басшысы.

Айтуынша, жайылым жерлерді суландыруға 80 млрд теңге бөлінгенімен, оның тең жартысы желге ұшқан.

«Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған. Сонымен қатар, субсидия алып отырған жұрттың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сақтауға аса құлқы жоқ. Себебі субсидиялау жүйесінің өзі шаруаларды бұған ынталандырмайды. Жағдай түзелмесе, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден аса алмайтыны анық.

Субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқ. Жеке құрылымдар субсидия бөлуге қатысты түрлі порталдар ашқан. Олар өз қызметі үшін шаруалардан 3,11 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша алып отыр. Шаруалардың бұған наразылық білдіруі орынды. Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырамын. Бұл платформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар