Президент Үкіметке QazVac-ты экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейлік «Спутник лайт» вакцинасын Қазақстанға жеткізу және шығару мәселесін пысықтау қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақорданың Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Тағы бір мәселе осы саладағы жетекші өндірушілердің вакциналар желісін кеңейту қажеттілігімен байланысты. Отандық фармацевтикалық алаңдарда ресейлік жаңа «Спутник лайт» вакцинасын жеткізу және шығару мәселесін пысықтау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент, сондай-ақ, қыркүйекте отандық QazVac вакцинасын өнеркәсіптік көлемде шығару жоспарланғанын еске салып, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеуді жеделдету қажеттігін айты. Бұл міндет Денсаулық сақтау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне жүктеліп отыр.

«Екі жақты уағдаластықтар шеңберінде QazVac-ты үшінші елдер нарығына ілгерілету жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың маңызы зор. Үкіметтен осы мәселені ерекше бақылауға алып, нәтижелері туралы бір ай мерзімде баяндауды сұраймын», - деген Президент вакцинация мәселесінде отандық бизнестің қолдауы өте маңызды екенін атады.

«Өйткені, ұжымдық иммунитетке қол жеткізбесек, бизнес үшін маңызды санитарлық шектеулерді толығымен алып тастау мүмкін емес», - деді мемлекет басшысы.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде жұмыс кеңесін өткізіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар