Президент Үкіметке халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тапсырма берді - Берік Әбдіғалиұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент жаңадан бекітілген Үкіметке халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тапсырма берді. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен жиында Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Мәжілістің жалпы отырысындағы сөзінде үлкен саяси міндеттерді қойды. Ол - мемлекеттік табыстың әділетті бөлінуі. Осы жолы Президент жаңадан бекітілген Үкіметке бұл бағытта жұмысты жалғастыруға, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тапсырма берді. Бұл өз кезегінде Үкіметке берілген үлкен сенім және мүмкіндік», - деді Б. Әбдіғалиұлы.

Осы орайда депутат бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмауы керек екенін, оны бүкіл қоғам болып қолдау маңызды болып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді көтергенін білеміз. «Самұрық-Қазына» қорына қатысты біраз сұрақтар болды. Бұдан бөлек, мемлекеттік компанияларда қаншама тиімсіз жұмсалған қаражат бар. Мұның барлығы Президенттің айтқан ескертуімен шектелмей, анықталған деректерді қоғамның талқылауына шығару керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға жұмылып, Мемлекет басшысының бастамаларын жалғастырып, оның барлығының жүзеге асуына ықпал етуіміз маңызды. Яғни кәсіпкерлер мен ел халқы тиісті үлесін қосқаны абзал. Бастамаларға қарсылық танытатындар шығатыны белгілі, өйткені тосқауыл жасап жүрген кейбірі әлі де қызметте жүр. Осы орайда қоғамның қолдауы керек болып тұр», - деді ол.

«Президент Мәжілістің жалпы отырысында саяси реформалар жайында айтты. Енді осы қалыптасқан ахуалға байланысты тағы да біраз ұсыныстарымызды дайындаймыз. Менің ойымша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында алғашқы ұсыныстарымызды береміз. Жалпы, қоғамдық бақылауды күшейту үшін арнайы саяси реформаларды ілгерілету жұмысын жалғастырамыз», - деді Б. Әбдіғалиұлы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында бірқатар бастамаларды көтерді.

Президент«Самұрық-Қазына» қоры мен ондағы шетелдік мамандарды сынады.


Соңғы жаңалықтар