Президент Үкімет пен бизнестің жуырда атқаруға тиіс міндеттерін көрсетіп берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі күрделі кезеңдегі басты міндет – адамдардың денсаулығын сақтау және толыққанды кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру шараларын тең ұстай білу. Бұл жайында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бүгін астанада өткен VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент бұл жаппай вакциналау есебінен ғана мүмкін болатынын еске салды.

– Бүгін, мүмкіндікті пайдалана отырып, өз сөзімді кәсіпкерлік қоғамдастығына, оның ішінде бизнес иелеріне, басшылық пен қызметкерлерге арнамақпын. Бұл ретте еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, экономиканың толық іске қосылуы, тұрғындар табысының қалпына келтірілуі, сондай-ақ, ең бастысы, жақындарымыздың денсаулығы туралы сөз болып отыр. Қазақстанда тиімді, қауіпсіз және тегін вакциналар бар. Сіздердің түсіністік танытып, белсенді жұмыс істегендеріңіз маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкімет пен бизнестің жуырда атқаруға тиісті міндеттеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, елімізге жаңа реттеуші саясат қажет.

Қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынтыландыруға «smart regulation» деп аталатын өзін-өзі реттеуге көшу керек.

– Менің тапсырмам бойынша Парламент Мәжілісі «басынан бастап» реттеу жүйесіне негізделген заң жобасын енгізді. Оның басты қағидаттары: «Оne in two out» қағидасы, яғни қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін Түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, реттеуші апелляция институтын енгізу, яғни кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды сотсыз қайта қарау механизмдері болуы керек, жаңа реттеуші механизмді тәжірибеден өткізу үшін экспериментальді құқықтық режим тетіктерін енгізу. Заң жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Құжатқа қатысты барлық базаны 2023 жылы осы қағидаттың енгізілуіне дейін дайындау қажет. Үкіметке оны Ұлттық палатамен тығыз ынтымақтаса отырып, дайындауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар