Президент Үкімет пен әкімдерге қандай тапсырмалар жүктеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Жиынға Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктердің басшылары қатысты. Осы орайда бірқатар министрлер мен облыс әкімдері Мемлекет басшысына есеп берді.

Халықты қолдау шаралары сапалы жүргізіледі

Мемлекет басшысы төлем қабілеті төмен азаматтарға қатысты қарыз жүктемесін төмендету бағытындағы жұмыстар қалай жүріп жатқандығын сұрады.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ағымдағы жұмыс Үкіметпен бірлесе 2 блокқа бөлінгенін, бірінші блокта қолдаумен қамтылған топқа қатысты мәліметті салыстыру жұмыстары ескерілген. Осы мәліметтер базасын салыстыру бойынша жұмыстарды ағымдағы аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аяқтайды. Алдағы аптадан бастап шілденің аяғына дейін екінші деңгейлі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен, сондай-ақ Проблемалық несиелер қорымен шарттар бекітіледі.

«Біздіңше, 1 қыркүйекке дейін банктерге қатысты қажетті төлемдер аяқталады. Айыппұл және өсімпұлға байланысты мәселелерді 1 тамызға дейін шешеміз», - деді Е. Досаев.

Президент бұл жұмыстарды Үкімет, Президент Әкімшілігі тұрақты бақылауда ұстауы керектігін тапсырды. «Біз осы акция туралы жарияладық. Атап айтқанда, бұл акция біржолғы сипатқа ие. Алдағы уақытта осы тектес шаралармен әуестене алмаймыз, оған құқығымыз жоқ. Дегенмен, халыққа жариялаған бастаманы дер кезінде әрі сапалы орындауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмектегі жағдай туралы пікір білдірді. Осыған байланысты, Қасым-Жомарт Тоқаев шын мұқтаждарға ғана көмектесу үшін Үкіметтің нақты әрі ашық процедуралар орнатуы қажеттігін айтты. «Атаулы көмек бөлуді қатаң бақылауға алып, кез келген алаяқтық пен жемқорлықты қатаң жазалау керек. Үкімет пен әкімдер мұндай фактілердің алдын алып, АӘК төлемдерін әкімшіліктендіруді ретке келтіруі тиіс. Көмек атаулы түрде көрсетілуі қажет», - деп атап өтті ол.

Баспана мәселесін тұрақты бақылауда

«Жалпы, тұрғын үй проблемасын сіздер тұрақты бақылауда ұстауларыңыз керек. Баспана мәселесі еліміздегі ең өткір әрі өзекті проблема екенін түсінулеріңіз қажет. Соңғы кездері бұл жағдай қаншалықты ушыққанын көріп отырсыздар. Оны қалай шешу бойынша ұсыныстар беріңіздер», - деді Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярға қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда, аталған саладағы проблеманы шешу Үкіметтің оңтайлы қадамдарына байланысты екенін қадап айтты. «Сіздердің министрліктеріңіз көпбейінді, ведомство бірқатар мәселелермен айналысады. Тұрғын үй проблемасына үнемі назар аударып отыру керек», - деді Қ.Тоқаев.

Барлық баспана бағдарламаларын біріктіріп, бірыңғай түсінікті тұрғын үй саясатына айналдыру қажеттігі айтылды.

«Екінші жартыжылдықта жоспарлық көрсеткішті (баспана салу бойынша – ред.) қуып жетесіздер деп үміттенемін. Жалпы үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр, бірақ баспана қолжетімдігі мәселесі соңына дейін шешілмеді. 2012 жылдан бастап кезекте тұрғандар саны 487,8 мыңға дейін 2 еседен астам көбейген. Кезек үнемі өсіп келеді. Сондықтан, ҚР Тұңғыш Президенті 2% баспана қарызы механизмі бар «Бақытты отбасы» бағдарламасын ұсынды. Бұл жақсы бағдарлама, бірнеше айдан бері жұмыс істеп келеді. Оның нәтижесі қандай?» – деп сұрады Президент ҚР ИНдустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдан.

Министр жыл соңына дейін жоспар бойынша 13 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілетінін айтты.

«Біз бұл жоспарды орындаймыз. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 400 мың шаршы метрге қалып қоюымыз мүмкін, бірақ белсенді жұмыс істейтін боламыз. «Бақытты отбасына» қатысты 2 айда барлық ережені жасадық, 1 шілдеде өтінім қабылдауды бастадық және бүгін төлемдер басталды. 6 000 несие биыл беріледі», - деді Роман Скляр.

Өз кезегінде Президент барлық баспана бағдарламаларын біріктіруді ұсынды. «Барлық тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай түсінікті баспана саясатына шоғырландыру қажет. Биылғы қыркүйектің 1-іне дейін бұл мәселе бойынша ұсынымдар енгізуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент жастарға баспана қолжетімді болуы тиіс екенін қадап айтты.

«Елбасы осы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу – өте маңызды міндет. Себебі жастар біздің болашағымыз. Сондықтан «Жастар жылының» игілігін ең алдымен жастардың өздері көруі керек», - деді ол.

Инвестициялық жобалар

Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвесторларға қисынсыз талаптар қоятын әкімдерге ескерту жасалды.

«Инвестициялар тұрақты түрде тартылуы керек. Әкімдер инвестиция тартумен айналысуы керек. Кейбір кезде теледидардан сіздердің кәсіпкерлер делегациясын, инвесторларды қалай қабылдайтындықтарыңызды көремін. Бұндай шаралар ешқайда жарамайды, өздеріңіз үстелдің басына жайғасып, оларды 3-4 метр алшақ отырғызасыздар. Өздеріңізді қандай да бір князьдықтың басшысы ретінде көрсетесіздер. Бұл ретте инвестицияны тартуға сіздер емес, олар мүдделі болғандай байқалады», - деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Осы орайда, Президент әкімдердің осы іспеттес іс-қимылдары телеарналар арқылы көзге ерсі көрінетінін атап өтті. Сонымен қатар инвесторлармен кездесу барысында өңір өкілдері тарапынан қисынсыз талаптар болып жатады.

«Парақорлыққа жол бермеу керек. Егер де осындай әрекетпен біреу байқалса, онда еңбегі мен жұмыс тәжірибесіне қарамастан, әкімдер тиісті жазасын алады. Бұл тұрғыда сіздерді алдын ала ескерттім деп түсініңіздер», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнымен қоса, Президент елордадағы жеңіл рельсті көлік құрылысына қатысты пікір білдірді.

«Халық үшін ыңғайлы, түсінікті және қолайлы көлік түрін құрудың орнына көліктің қымбат түрі, яғни LRT ұсынылған. Менің түсінуімше, мамандардың, сәулет қоғамдастығының пікірі ескерілмеген. Әкімдіктің хабарлауынша, жолаушылардың болжанған ағыны тәулігіне 146 мың адамды құрайды. Қазіргі кезде ұқсас бағдарда, әуежайдан жаңа вокзалға дейін жолаушылар ағыны 2 мың адамды ғана құрап отыр. Осылайша, жолаушылар ағынын қалайша 70 есеге арттырмақсыздар? Бұл маған түсініксіз болып тұр», - деді Президент.

Осы орайда, Мемлекет басшысы өзін-өзі ақтамайтын жоба мемлекетке масыл болатынын атап өтті.

«Құрылыс бойынша жіберілген шығындар мен халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, бұл жоба тоқтатуға келмейді. Алайда, оның салдарын түсіну керек. Үкімет әкімдіктермен бірлесе аталған мәселеге нүкте қойып, нақты ұсыныстар енгізуін тапсырамын. Осындай жобаны ұсынған жауапты адамдар бақылаушы органдардың сұрақтарына жауап беруі тиіс. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша Парламент депутаттары пікір білдіруі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті назар аударған тағы бір мәселе жоспарлау жүйесіне қатысты

«Ең өзекті мәселелердің бірі – үнемі жеткілікті қаржыландырмау. Мәселен, 2018 жылғы индустрияландыру бағдарламасы 35% ғана қаражатпен қамтамасыз етілген», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы қаржыландырумен бірге стратегиялық мақсаттарға жетудің де кейінге ысырылатынын атап өтті. «Мұнда жоспарлау деңгейінің төмен екені көрініп тұр. Қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын нәрсені жоспарлаудың қажеті не? Сәйкес жобалар мен бағдарламалардың тиісінше қаржылануын қадағалау керек. Объективті сараптама негізінде мәселені шешудің тиімдірек жолдары ұсынылуы керек. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығына ауыспай тұрып, бұл менің Үкіметке тапсырмам, барынша байыпты, шыншыл көзбен қараған жөн. Ауадан сарай тұрғызғанды қою керек», - деді Қ. Тоқаев.

Электрондық үкіметтің әлеуеті

Президент электрондық үкімет порталын насихаттау үшін қажетті шараларды қабылдау керектігін тапсырды

«Бүгінде біздің азаматтар мемқызметтердің 70 пайызға жуық түрін, яғни 750 қызметтің 504 түрін электрондық үкімет порталы арқылы алады. Сонымен бірге, осы қызметтердің тек бесінші бөлігі электрондық форматта ұсынылады. Бұл өз кезегінде халықтың қызметтер жайында әлсіз ақпараттандырылғанын, техникалық әрі рәсімдік қиындықтардың бар екенін білдіреді», - деді Президент.

Осы орайда, Мемлекет басшысы жауапты министрлікке сервисті жақсарту мен тиімділікті арттыру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Мұнымен қоса Қ. Тоқаев білікті қызметкерлердің жетіспеушілігін, ақпараттық жүйедегі кемшіліктерді жоюды, ақпараттық жүйелердің интеграциясын жоспар бойыша іске асыруды тапсырды.

Су ресурстары мен ауыл шаруашылығындағы аудит

ҚР Президенті барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген инвентаризация бос жатқан 16,5 млн гектар жерді анықтады. Бұл – мәселенің бір бөлігі ғана. Үкіметке барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды тапсырамын. Жер – өндірістің басты факторы. Тиімділік пен ашықтық болмаса, ауылды дамыта алмаймыз. Түсінеміз, өте қиын жұмыс, мұнда Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму министрліктерінің үйлесімді жұмыс істеуі маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы цифрландыру жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. «Келесі жылдың соңында барлығы реттелуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, барлығы цифрлануы тиіс», - деді Президент.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді қолдануды нормативті және тәжірибе жүзінде қатаң бақылауды тапсырды.

«Жер жұмыс істейтін адамдарға берілуі тиіс. Үкімет, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі жердің тиімді пайдаланылуын бақылауды бастап кетті. Бұл жұмысты соңына дейін жүргізу қажет. 2021 жылы Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий аяқталады. Ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге салынған тыйым жөнінде айтып отырмыз. Бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл туралы Парламент депутаттары, саяси партиялар және қоғам ой қосады деп үміттенемін. Шетелдіктерге келсек, жер оларға сатылмайды. Мұны анық түсінген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін Үкімет су ресурстарының толық аудитін жүргізу тиіс.

«Сумен қамтамасыз ету мен су тарту мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Біз су ресурстарына, су шаруашылығы құрылыстарын толық көлемде паспорттауды ешқашан жүргізбеппіз. Үкіметте осындай нысандардың нақты саны мен жағдайы бойынша тиісті мәлімет жоқ. Жекеменшік су шаруашылығы нысандарын есепке алу тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін су ресурстарының және сумен қамтамасыз етудегі барлық инфрақұрылымының ирригация жүйесіне толық аудит жүргізуді тапсырамын», - деді Президент.

Мұғалімдер жаңа заңның игілігін көреді

«Білім саласы экономиканың дамуына ықпал ететін маңызды бағыт. Тіпті, экономиканың толыққанды бір саласы деп айтуға болады. Дегенмен, бүгінде түйіні шешілмеген бірқатар мәселелер бар. Қала және ауыл мектептерінің білім беру сапасында әлі күнге дейін айтарлықтай алшақтық сақталып отыр. Апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі де өзекті», - деді Қ. Тоқаев.

Бұдан бөлек Президент білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мардымсыз екенін атап өтті.

«Аталған мәселелерді шешу үшін «Педагогтың мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажет. Ең басты мақсат – мұғалімдер осы заңның игілігін, пайдасын сезінуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Үкіметтің кейтілген отырысында «Болашақ» бағдарламасына қатысу талаптарын өзгертуге қатысты тапсырма берілді.

«Білім және Ұлттық экономика министрліктерінде вице-министрлер «Болашақ» бағдарламасы үшін өз лауазымдарын аяқасты тастап кеткені белгілі. 45 жастан кейін қайдағы «Болашақ» бағдарламасымен оқу? Мұндай мысалдар аз емес, төмен деңгейдегі бірнеше мекемеде де осындай жағдай орын алған. Қызметкерлер басшысына келеді де, «Мені «Болашақ» бағдарламасымен оқуға жіберіңіз» дейді. Осылайша, магистрант атанып кете барады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осының салдарынан кезекті вице-министрдің бұрынғы вице-министр оқудан келгенше бір-ақ жылға тағайындалатынын түсіндірді.

«Бұл абсурд, бұл мемлекеттік қызмет емес. Сабақтастық қайда, қызметкерлердің институционалдық зердесі қайда? Президент Әкімшілігі бағдарламаға қатысу талаптарына өзгеріс енгізуі тиіс. Саяси қызметшілер, әрине, өз білімін жетілдіруге құқылы. Бірақ, мемлекет есебінен емес, бос уақытында өз қалауымен айналысқандары жөн», - деді Президент.

Қазақстан халқына мың алғыс

«Арыс оқиғасы кезінде еліміздің азаматтары, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, өңірлер, отандық бизнес және бірқатар шетелдік инвесторлар зардап шеккендерге материалдық және моральдық қолдау көрсетті. Бұл халқымыздың береке-бірлігінің арқасы және тұтастығымыздың көрінісі. Барлығына ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Арыстағы қалпына келтіру жұмыстарын Үкімет басшысы мен әкімдерге қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Қорғаныс министрлігі әскери қойманы көшіру жұмыстарын бастады. Бұл жұмысты ұзаққа созбай, қысқа мерзім ішінде аяқтау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтпақшы, ҚР Президенті Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

«Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Алайда біз қазір жүйелік кемшіліктердің, сондай-ақ әскери ведомство тарапынан бақылаудың әлсіреуінің салдарымен күресіп жатырмыз. Қорғаныс министрлігі жүйесіне келгеніңізге көп болған жоқ, алайда саладағы жағдайға толық жауаптысыз. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігінде туындаған жағдайға қанағаттанбаймын. Сондықтан сізге қатаң сөгіс жариялаймын», - деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент Арыстағы жарылыстың салдары өте ауыр екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар